Қызылордада ҰОС ардагерлеріне 2,5 млн теңгеден беріледі

22 Сәуір, 05:35 690

Қызылордада ҰОС ардагерлеріне бір жолғы төлем ретінде 2,5 млн теңгеден берілетін болды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев мамыр айындағы мерекелерді атап өту мәселелерін талқыланған мәжілісте айтты,

Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне 2,5 млн теңге көлемінде төлем төлеу туралы шешім қабылданды. Бұл – біздің аға ұрпақ алдындағы парызымыз. Бүгінгі бейбіт өмірімізге қан кешіп жүріп жеткізген жандардың ерлігіне қандай құрмет көрсетсек те артық емес. Өткен жылы қарт майдангерлерге 1 үй, 1 көлік, сонымен бірге 1,5 млн. теңгеден табысталған еді. Биыл да бір ардагерге Қызылорда қаласынан үй берілді. Бұдан да басқа демеушілер есебінен ақшалай және материалдық көмек көрсетіледі. Қала және аудан әкімдері, облыстық басқарма басшылары мерекені атап өтудің жоспарына енген іс-шараларды сапалы әрі мәнді етіп ұйымдастыруы тиіс, – деді облыс әкімі. 

Өңірдегі Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ең үлкені - 102 жаста. Жалпы облыста 2040-тан астам тыл еңбеккері бар. Олардың біреуі «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Сондай-ақ, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлердің 7 жесірі, соғыс кезінде жараланған, контузия алып, мертіккен немесе ауру салдарынан қаза тапқан мүгедек жұбайы не зайыбы бар 4 адам тұрады. Ұлы Отан соғысына қатысушыларға және соғыс кезінде алған жарақат салдарынан мүгедектігі бар адамдарға теңестірілгендер саны 1894-ті құрайды. Аймақта осы санаттағы 3964 адам тұрады. Олардың барлығы 147 680 теңгеден алады. Сонымен қатар «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған тыл еңбеккеріне 221 520 теңге төленбек.

Айта кетейік, ардагерлер сәуір айында төлем ала бастайды.

Перизат Саденова
Бөлісу: