Қызылордада тісін емдеткен бала мүгедек болып қалды

23 Тамыз, 11:42 697

Қызылордада тісін емдеткен бала мүгедек болып қалды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қызылордалық тұрғын баласының тісі ауруына байланысты орталық қалалық емхананың балалар стоматологиясына барған. Тіс дәрігері баланы емдеп, тісін жұлып тастаған. Келесі күні баланың жақ сүйегі ісініп, денсаулығы нашарлай бастаған.

Кейін балаға облыстық көпсалалы аурухананың жақ-бет бөлімшесіндегілер «Сол жақ төменгі жақтың жедел іріңді одонтогенді флегмонасы, 7,5 тісін жұлғандағы жағдайы» диагнозын қойған. Осылайша балаға екі рет ота жасалған.

Арада алты ай өткенде баланың жақ сүйегі қайтадан іси бастаған, іріңді жарасы жазылмай, олар Алматы қаласында ақылы негізде хирургиялық араласу арқылы ауруханада емделуге мәжбүр болған.

Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті ананың шағымы бойынша жүргізілген емхананы тексеру қорытындысына сәйкес, емхана тіс дәрігері кәмелетке толмаған балаға медициналық көмек көрсету кезінде клиникалық диагностика және емдеу хаттамаларын сақтамаған. Оның тісін орта медициналық білімі бар стоматолог алып тастаған, емдеу алдында жақ сүйегінің рентгенографиясы объективті тексерілмей, асқынулар - төменгі жақтың қабыну процесі болған, - делінген хабарламада.

Баланың анасы стоматологиялық емханадан өзіне келтірілген моральдық және материалдық шығынды өтеуді сұрап, сотқа жүгінген. Талап қоюда ол емхана медицина қызметкерінің салғырттығынан және алғашқы медициналық көмекті дұрыс көрсетпеуінен ауру асқынып, бала 2 жылға жуық ұйықтай алмай, дәрігерлердің қорытындысы бойынша мүгедек болып қалғанын көрсеткен.

Сот стоматологиялық емханадан моральдық шығын мен материалдық шығын үшін 1,5 миллион теңгеден астам өтемақы өндірді.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: