Қызылордада «Халықтың жүрегіндегі батыр» атты көшпелі көрме ашылды

5 Наурыз, 18:31 649

Кеңес одағының батыры, Халық қаһарманы, Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың 100 жылдығына арналған экспозицияны ҚР Қарулы күштерінің Мемлекеттік әскери-тарихи музейі ұйымдастырды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейіндегі көрменің ашылуына әскери қызметшілер, Қарулы күштердің ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, студенттер мен оқушылар келді. 

Біз жүзден астам экспонат әкелдік, оның ішінде генерал Сағадат Нұрмағамбетовтың жеке заттары, әскери киімі, бұрын жарияланбаған фотосуреттері, тәуелсіз Қазақстанның бірінші қорғаныс министрінің қызметіне байланысты құжаттар, марапаттары бар. Олардың қатарында Халық қаһарманы атағына байланысты оған берілген Алтын жұлдыздың айрықша ерекшелік белгісінің көшірмесі де бар, – деді ҚР Қарулы күштері Мемлекеттік әскери-тарихи музейінің бастығы Ләззат Әлжан.

Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Сапар Көзейбаев Қорғаныс министрлігіне көшпелі көрме ұйымдастырғаны үшін алғыс айтып, іс-шараның әскери-патриоттық бағытын атап өтті. 

Көрме бізге қазіргі қазақ әскерінің негізін қалаған аңыз адам – Сағадат Нұрмағамбетовтың тарихымен жақынырақ танысуға тамаша мүмкіндік береді. Оның өмір жолы әскери қызметшілерге де, басқа да қызмет салаларының өкілдеріне де, жалпы ұрпаққа үлгі-өнеге, – деп атап өтті С. Көзейбаев. 

Көшпелі көрме Қызылорда қаласында 15 наурызға дейін болады. Содан кейін экспозиция еліміздің басқа қалаларына да барады.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: