Қызылордада 16 жастағы қызды жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген күдікті сотталды

13 Желтоқсан 2024, 14:37 588

Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында күдіктіге қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.  

Сотталушы, жәбірленушінің кәмелетке толмағанын біле тұра, бопсалау арқылы оны бірнеше рет жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген. 

Сонымен қатар, бірнеше рет бірақатар адамның сеніміне қиянат жасап, жер телімдерін бір мезгілде бірнеше тұлғаға сатып, облыстың жергілікті атқарушы органдарына жұмысқа орналастыруға байланысты алаяқтық әрекеттерге барған. 

Тараптардың ұстанымы:

Прокурор сотталушыны кінәлі деп танып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыруды сұрады. Жәбірленушілер прокурордың пікірімен келіскен.    

Қорғаушы тарап сотталушыны 134 ҚК 3-бөлігінің 2) тармағы бойынша ақтауды, ал алаяқтық фактісі бойынша бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды сұрады.

Сот шешімі бойынша:  

Сотталушының кінәсі психологиялық-психиатриялық сараптаманың қорытындысымен, жәбірленушілер мен куәлардың айғақтарымен, оқиға болған жерді қарау және беттестіру хаттамаларымен дәлелденді.  

Сот жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде жас балаларының болуын, соттылығының болмауын жатқызды; қылмыстық жауаптылықты ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

ҚК-нің 55-бабының 2-бөлігінің  2) тармағына сай, жазаны жеңілдететін мән-жайлар болған  және  ауырлататын мән-жайлар болмаған кезде, жаза мерзімі ҚК-тің тиісті бабында көзделген ең жоғары мерзімнің 2/3 асыруға болмайды делінген.

Сот үкімімен сотталушы ҚК-нің 134-бабының 3-бөлігінің 2) тармағында және ҚК-нің 190-бабының 3-бөлігінің 4) тармағында көзделген қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп танылып, қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. 

Үкім заңды күшіне енген жоқ.  

Қазіргі уақытта облыс соттарының өндірісінде осы жоғарыда аталған кәмелетке толмаған адам жәбірленуші ретінде танылған ҚК-тің 309-бабының 2-тармағы (жеңгетайлық) бойынша 2 іс, ҚК-тің  299- бабының 3-тармағы (есірткі, психотроптық заттарды тұтынуға көндіру) бойынша 1 іс бар.    

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: