22.07.2025
16:35
801
«Qyzyljar» клубының бұрынғы бас бапкері Әли Әлиев заңсыз түрде 10 млн теңге жалақы алған

«Qyzyljar» клубының бұрынғы бас бапкері Әли Әлиев заңсыз түрде 10 млн теңге жалақы алған

Петропавлдың «Qyzyljar» футбол клубында басшылық ауысқан соң бұрын-соңды болмаған қаржылық былықтар мен жемқорлық фактілері әшкереленді. Qazaqstan Media мәліметінше, барлығы бұрынғы бас бапкер Әли Әлиевтің еңбек дауына қатысты сот процесінен басталып, бірнеше жылға жалғасқан көлеңкелі схемаларға ұласқан, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Әли Әлиев 2023 жылдың 1 маусымында «Qyzyljar» клубына ресми түрде бас бапкер болып тағайындалып, жалақысы 6,5 миллион теңге болып бекітілген. Бұл келісім Қазақстан футбол федерациясы мен лигада тіркеліп, барлық рәсімдерден өткен. Алайда арада алты ай өткен соң, яғни 2024 жылдың 3 қаңтарында маманмен келісімшарт қайта жасалып, жалақысы 10 миллион теңгеге дейін өскен. Бұл ретте келісім мерзімі 2025 жылдың соңына дейін ұзартылған. Ал клубтың штат кестесінде 2024 жылға арналған бапкерлік жалақы 1 миллион теңге деп көрсетілген.

Клуб президенті Лория А.О. бұл соманы заңсыз бекітіп, клубты қаржылық қиындықтарға ұшыратты, өйткені клуб тек жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады, – делінген сот шешімінде.

Жаңа келісімшарт тіркелмеген, ал алғашқысы ресми түрде бұзылмаған. Осылайша, бір адамның атына екі еңбек шарты заңсыз түрде қатар қолданыста болған.

Клубқа жаңа директор болып Николай Панин тағайындалған соң жүргізілген тексеріс барысында 337 миллион теңге көлемінде салық және әлеуметтік төлемдер бойынша қарыз анықталды. Қаржы есеп-қисабы жүргізілмеген, 1С жүйесі қолданылмаған, бюджет толық бақылаудан тыс қалған.

Лория не дейді?

Бұрынғы клуб президенті Григорий Лория сотта берген жауабында жаңа келісімді өз қалауы бойынша жасағанын мойындап, «бапкер кетіп қалмас үшін» жалақыны көтеруге мәжбүр болғанын айтты. Ал келісімді тіркеу жұмыстарын клубтың заңгеріне жүктегенін жеткізген.

Әлиевтің өзі 2025 жылдың қаңтарынан бастап Қазақстан ұлттық құрамасында бас бапкердің міндетін атқарушы қызметіне кірісті. Ол 2024 жылдың 27 желтоқсанында қызметінен босатылғанымен, бұйрықты мойындамаған. Дегенмен сол күннен бастап жұмысқа шықпаған.

Сот екінші келісімді заңсыз деп танып, жалақыны бұрынғы заңды шарт негізінде қайта есептеді.

Қылмыстық іс қозғалды

Облыстық прокуратура 2023 жылдың қарашасында клубтың лауазымды тұлғаларына қатысты аса ірі көлемде қаржы жымқыру бабы бойынша қылмыстық іс қозғағанын хабарлады. Айта кетейік, жыл сайын клубқа 2 миллиард теңге бюджеттен бөлінеді.

Қазір «Qyzyljar» 14 команданың ішінде 9-орында тұр. Команда бұған дейін келісілген матч және жалақы төлемегені үшін дауға іліккен. Осыған байланысты ойыншылар жаттығуға бармай қойып, нәтижесінде өз алаңында «Атыраудан» жеңіліп қалды.