Қызыл кітапқа енген аққу мен бірқазан табиғат аясына жіберілді

5 Мамыр 2023, 01:39 3108

Сұңқылдақ аққу мен бірқазан былтыр күзде жылы жаққа бет алған үйірінен қалып қойған еді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Президенттің Іс басқармасына сілтеме жасап. 

Құстарды жергілікті тұрғындар тауып алып, Бурабай кентіндегі зоологиялық баққа әкелген болатын. «Бурабай-Дамудың» ветеринарлары оларды емдеп, қыс бойы баптап енді табиғат аясына жіберілді.

Мамандар 6 ай қыста әл жинап, өз бетінше өмір сүруге жарап қалған құстарды Бурабай ауданындағы Жайнақ көліне жіберді. Енді екеуі өз үйірін табуға тиіс.

Сұңқылдақ аққу мен бірқазан – еліміздің Қызыл кітабына енген құстар. Күзде бізге әкелген кезде ветеринариялық тексеруден өткізіп, қабылдап алдық. Әлсіреп, қатты қорқып қалғаны болмаса, зақымданған жері жоқ екен. Алты ай ішінде зоологиялық баққа үйреніп қалып еді. Бірақ бәрібір жабайы табиғат аясында, өздерінің ортасында өмір сүргені дұрыс, – дейді бақтың ветеринары Ильдар Файзулин.

Жалпы «Бурабай» мемлекеттік ұлттық паркінде құстың 197 түрі бар. Оның 14-і Қызыл кітапқа енгенін айта кетейік.

Берік Арманов
Бөлісу: