05.10.2025
12:00
4595
Қызыл дипломды медбике – бүгінде шәкірт тәрбиелеп жүрген биология мұғалімі

Қызыл дипломды медбике – бүгінде шәкірт тәрбиелеп жүрген биология мұғалімі

Мұғалімдер күні қарсаңында біз еліміздің жас та болса жарқ етіп көзге түскен ұстаздарының бірімен әңгімелестік. Ол – 23 жастағы биология пәнінің мұғалімі, блогер әрі контентмейкер Аружан Арипжанқызы. Алғашқы мамандығы медицина болғанымен, жүрек қалауымен педагогиканы таңдаған ол бүгінгі таңда Алматы қаласындағы мектеп-лицейдің бірінде шәкірт тәрбиелеп жүр.

Аружанның айтуынша, мұғалімдік – жай ғана мамандық емес, үлкен миссия. Ол өз таңдауы туралы, алғашқы ұстаздық тәжірибесі мен алдағы арман-мақсаттары жайлы бізбен бөлісті.

– Ұстаздық жолыңыз қалай басталды?

 2025 жылы, яғни осы жылы оқуымды аяқтап, дипломымды алып, Алматы қаласындағы Aqyldy Bala мектеп-лицейіне педагог ретінде жұмысқа шақырту алдым. Жұмысқа қабылданғаныммен қатар, сынып та берді. Үлкен жауапкершілік екенін білдім және соған дайын болдым! Бұл менің ұстаздық жолымдағы алғашқы жылым, алғашқы сыныбым. Олар жәй оқушыларым ғана емес, өз балаларым секілді.

– Қазір қай жастағы оқушыларға сабақ бересіз? Балалармен жұмыс істеуде өз әдісіңіз бар ма?

Қазір 5-сыныптан бастап 11-сыныптарға дейін сабақ беремін. Қатып қалған лайфхак бар деп айта алмаймын. Әр мұғалімнің методикасы, балаларға білім беру әдісі әртүрлі. Өзімнің үйреніп жатқан тұстарым да, үйренерім де әлі өте көп. Тек оқушыларды тұлға ретінде қарап, әлемге олардың деңгейімен қарау керек деп санаймын.

– Сіздіңше, ұстаз болу үшін не маңыздырақ: диплом ба, әлде қабілет пе?

Диплом сіздің біліміңізді растайтын құжат. Ал нағыз ұстаз болу – ерекше қажырлық пен қабілетті талап етеді.

– Қоғамның мұғалімге деген көзқарасына көңіліңіз тола ма?

Қоғамда мұғалім рөлі қашан да биік болған, бола береді де… «Алты алаштың баласы бас босса, қадірлі орын – мұғалімдікі» деп бекер айтылмаған. Қоғамның мұғалімге деген құрметіне көңілім толады.

– Әрқашан позитивті болып жүресіз. Оның сыры неде?

 Позитив – жақсы ойлардан келеді. Ойыңыз, миыңыз, адамдар мен әлемге деген пікіріңіз позитивті болса, бәрі сізде жақсы болады. Денсаулығыңыз мықты, жүйкеңіз тыныш болады.

– Оқушыларға қандай мотивация бересіз?

 «Оқы, оқы және оқы» дер едім. Болашақ – білімді жастардың қолында. Жетістікке шын жетіп, сені қолдарында аялап ұстап отырған ата-анаңның үмітін ақтағың келсе – оқы, білім ал, іздемпаз бол!

– Сіздіңше, «жақсы мұғалім» қандай болуы керек?

Жақсы мұғалім – мен үшін, өз миссиясын анық білетін, ұстамы да, ұстанымы да биік тұлға. Жақсы мұғалімнің сөзі де, өзі де, ісі де сырт көзге оның шын мәнінде қандай ұстаз екенін айқындап береді.

– Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз.

Алдағы уақытқа мақсат та, арман да өте көп! Жаңалықтар болып жатса, жеке әлеуметтік парақшаларымнан көрерсіздер.

– 10 жылдан кейін өзіңізді қай қырынан көргіңіз келеді?

Әртүрлі салада сынап көріп, жаңа қырларымды ашқым келеді. Маған медицина, массажист, блогер, педагогика мамандықтары аздық етуде.

Сұхбатыңызға рақмет, Аружан! Алдағы жұмысыңызға табыс пен сәттілік тілейміз.