Қызметтен босаған Зүлфия Сүлейменова атқарған жұмысын қорытындылады

5 Қыркүйек 2023, 20:27 1160

Экс-министр бұл саланы өзі басарып тұрғанда атқарылған шаруалардың негізгі дегендеріне тоқталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Оның айтуынша, жыл басынан бері Аралға түскен судың көлемі ұлғайған. 1 қаңтардан тамыз айына дейін 1,6 млрд текше метрден астам су кірген. Ал былтырғы көрсеткіш  800 млн текше метр болған көрінеді. 

"Бұл қысқы және көктемгі тасқын суды Аралға құйғанымыздың арқасында болды. Бұл суды Өзбекстандағы Арнасайға жіберу қажеттігін айтушылар көп болғанына қарамастан, осындай шешім қабылданған еді. Біз биыл судың тапшы болатынын болжадық. Сондықтан Арал теңізі мен фермерлерімізді сумен қамтамасыз ету саясатын ұстандық. Нәтижесінде Түркістан және Қызылорда облыстарында егіс суғару кезеңі сәтті өтті", - деп жазады Зүлфия Сүлейменова. 

Экс-министр Жамбыл облысындағы ахуал қазіргіден де нашар болуы мүмкін еді деп есептейді.

"Болжамды есептер бойынша, Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде егіс суғару кезіндегі судың "көлеңкелі нарығы" 5 млрд теңге деп бағаланады. Біз осындай фактілерді азайту үшін гидротехникалық карталарды жаңартуды және қайта жазуды жою, сондай-ақ заңнамадағы жаңа түзетулерді бұзғаны үшін қолданылатын жауапкершілікті қатаңдату бағытында  шаралар қабылдап бастаған едік. Министрлік басшылығы осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыратынына сенімдімін", - деп жазды ол Instagram парақшасында. 

Айтуынша, Ақмола облысының Егіндікөл және Қорғалжын аудандарындағы су тапшылығы "Нұра топтық су құбыры" РМК-ның банкрорттық жағдайға жетуінен туындаған.

Сондай-ақ, экс-министр "Қазсушар" компаниясының 2017-2018 жылдары алған сыртқы қарызы көптеген қиындықтар туғызғанын еске алады.

"Осыған байланысты біз ол қарызды қайта құрылымдап, компанияны қаржылық тұрғыдан сауықтыруға кірістік. "Қазсушар" РМК-ны "Нұра топтық су құбыры" РМК-мен біріктіру арқылы және "Су-Метралогия" филиалын бөліп шығару арқылы қайта құрылымдаудың жол картасы әзірленді. Өйткені мүдделер қақтығысы бар еді. Компанияның қаржылай тұрақтылығын бірнеше рет мәселе етіп көтердім. Ақырында Жоғары аудиторлық палата тексеру жүргізді. Анықталған заң бұзу фаткілерінің бәрі бойынша министрліктің жаңа басшылығы біз қабылдап үлгермеген тиісті шешімдерді қабылдайды деп сенемін", - делінген жазбада. 

Перизат Саденова
Бөлісу: