Қыздың баласын немере деп айту дұрыс па?

25 Қаңтар, 17:08 32873

Қазақта жиен ұғымы қай кезде пайдаланылады? Жалпы, қызыңның балаларына немере деп айтқан қаншалықты дұрыс? Соңғы кезде осы мәселе жиі көтеріліп жүр.

Мысалы, «Адал адам» ютуб каналы иесі, журналист Дәурен Сейтжанұлы қыздың балалары ата-әжесі үшін немере, ал басқа туыстар үшін жиен болатынын алға тартты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Осы орайда Facebook-тің белсенді қолданушысы Тортуыл Шоқан бұл пікірмен келіспейтінін алға тартты. Ол қазақ жиеніне неліктен үлкен құрмет көрсеткенін де түсіндіріп өтті.

Жиен – ұзатылған қыздан туған бала. Жиеннен туған бала – жиеншар. Қыздан туған жиеннің, ұлдан туған немереден жолы үлкен. Дастархан басына жиналғанда есті ата жиенін өз немересінен жоғары отырғызады.

Бұйымтай сұрайды, қалауын береді!

Жиеннің алмағы – қырық серкеші бар.

Бір серкештің құны бір қалауы болса, қырық серкешіне бағаланған дүние-көмегін ол нағашысынан өмір бойы алып тұрады деген сөз.

«Жиен ел болмайды, желке ас болмайды» деген сөз, ол: «жиеннің руы бөлек», ал «желке мойын ас емес» дегендері, келін мен қызға мойын жегізбегеннен болса керек.

Ал «жиен неге ел болмас – малы болса, желке неге ас болмас – майлы болса» деген де сөз бар, - дейді ол.

Сонымен қатар Тортуыл Шоқан нағашы атасы жиенін үйіне неге құр қайтармайтынына қатысты да ойын білдірді.

Нағашысына қыдырып қайтқан немересіне өз атасының қояр бірінші сұрағы: «нағашың не атады» деп сұрайды.

Жиенді үйіне құр қол қайтармайтыны – құдаға деген құрметтен.

Жиен нағашы атасы руластары бәріне жиен болады.

Нағашысы аулына келген жиенді бетінен қақпай еркелеткен.

Жиен де нағашы ауылы жас-кәрісіне қарамай орынды қалжыңдаса білген.

Нағашы ауылдан қыз алған жиенді «Жиен күйеу» деп атаған.

Сараң нағашысынан қалағанын сұрамай алуға жиен құқылы.

Бай нағашысының кермедегі жүйрігін мініп кеткен жиендер тарихта болған.

Қанша батыр бабалар бала күнінде нағашыларында тәрбие көріп өскен.

Солардың бірі – Керей Жәнібек!

«Жігіттің жақсысы – нағашыдан, үйдің жақсысы – ағашынан» дейтұғын сөз бар. Бұл ұлдың қасиет атаулыны анасынан алатыны дәлелі, - деді автор.

Осы арқылы қазақ жиенін көтермелеген деп санайды.  

Жиенді жиен, немерені немере деп атаған дұрыс. «Жиен» деген статус баланы кемсітпейді, керісінше, көтереді. Бабаларымыз қыз бен ұлдан туған баланы немере деп атай берген болса, «Жиен» ұғымы қалыптаспаған болар еді, - деп жазды.

Сөйте тұра қазақтар қыздың баласын да немере деп атаған, бірақ ол тек белгілі бір жағдайларда екен.  

Біріншісі - қайтып келген немесе қызының үйде отырып тапқан баласын немерем деу. Екіншісі - құдасын менсінбеген адуынды байлардың немесе дүбәрә шалақазақтар тірлігі.

Өйткені, орыстар қызының да, ұлының да баласын «внук» деп атайды.

Оларда «өз жұрты», «нағашы», «қайын жұрт», «жиен» деген ұғымдар атымен жоқ.

Демек, кейбір қазақтардың қызы мен ұлынан туған баланы «немерем» деуі орыстан көшірілген калька! – деп қорытындылады.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: