20.01.2026
12:33
683
«Қыз алып қашу – адам ұрлау». Президент Нұрай Серікбайдың қазасына қатысты пікір білдірді

«Қыз алып қашу – адам ұрлау». Президент Нұрай Серікбайдың қазасына қатысты пікір білдірді

Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайда мемлекет басшысы елдегі қоғамдық ахуалға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мәселесіне, сондай-ақ қоғамды дүр сілкіндірген 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты қылмыстық іске арнайы тоқталды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Президент бұл оқиғаның жекелеген бір жағдай емес, құқық қорғау жүйесінің жауапкершілігін, қоғамдағы моральдық ұстанымдар мен заң үстемдігін қайта қарауды талап ететін ауыр сигнал екенін атап өтті.

Мемлекет басшысының айтуынша, қандай да бір көзқарас ресми түрде мойындалған немесе мемлекеттік мекемелерде бекітілген күннің өзінде, азаматты пікірі мен сенімі үшін қудалауға, моральдық кемсітуге немесе қылмыстық жауапкершілікке тартуға мүлде жол берілмеуі тиіс.

Әрбір азаматтың таңдау құқығы бар, алайда бұл таңдауды ешкімге күштеп таңуға болмайды. Мемлекет барлық азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, ар-намысы мен қадір-қасиетін берік қорғайды, – деді президент.

Президент бұл ұстанымды азаматтың таңдау еркіндігімен тікелей байланыстырды.

Шымкент қаласында Нұрай есімді жас қыздың қазасы бүкіл елді бейжай қалдырмағанын айтқан мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайға бұл оқиға бойынша 130-дан астам өтініш түскенін мәлімдеді. Тергеу барысында күдіктінің марқұмды ұзақ уақыт бойы аңдып, қорқытып, қоқан-лоқы көрсеткені анықталған. Соңы қайғылы жағдайға ұласқан.

Осыған байланысты президент ішкі істер министріне Шымкент қалалық Полиция департаментінің әрекетіне құқықтық баға беруді тапсырды. Сонымен қатар Бас прокурорға бұл істі ерекше бақылауға алып, жан-жақты әрі мұқият тексеру жүктелді.

Естеріңізде болса, 2026 жылғы 11 қаңтарда жас қыз Нұрай Серікбай өз үйінің маңында пышақ жарақаттарынан көз жұмды. Сол түні қала полициясының барлық жеке құрамы жұмылдырылып, мегаполистен шығатын жолдар күшейтілген бақылауға алынды.

28 жастағы күдікті қала сыртынан, шамамен 10 шақырым жерде ұсталды. Қылмыстық іс қозғалды, жақын арада сот процесі өтеді. Марқұмның отбасы әділ үкім шығады деп үміттенеді.

Мемлекет басшысы сөзінде қоғамда кейде «дәстүр» деген ұғыммен бүркемеленіп жүрген өрескел қылмыстарға да қатаң баға берді.

Қыз алып қашу – бұл адам ұрлау. Бұл ұлтымыздың беделіне нұқсан келтіретін жабайы, заңға да, адамгершілікке де жат қылмыс. Ондай қатігездікке ешқашан жол беруге болмайды, – деді президент.

Президент халықтың құқықтық санасы жыл өткен сайын өсіп, азаматтық жауапкершілік деңгейі артқанын атап өтті. Осыған сай заңнама да заман талабына бейімделіп, нақты әрі әділ болуы тиіс.

Заң мен тәртіп – бәріне ортақ. Еліміздің әрбір азаматы заң талаптарын бұлжытпай орындауға міндетті, – деді мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, кез келген мемлекеттің басты күші – оның азаматтарының жасампаздық қуаты мен жауапкершілігінде. Қоғамда тәртіп орнап, әділдік салтанат құрған жағдайда ғана ел кез келген кедергіні еңсеріп, алға баса алады.

Сөз соңында мемлекет басшысы құрғақ уәде мен бос қиялға қарсы екенін тағы да еске салды.

Мен әрдайым нақты жоспар мен өміршең стратегияны қолдаймын. Болашақты болжау емес, оны жүзеге асыру маңызды, – деді президент.

Бұл ұстаным Ұлттық құрылтайдың басты рухымен үндесіп, қоғамдағы әділет, қауіпсіздік пен адам өміріне деген жауапкершілікті жаңа деңгейге көтеру қажеттігін тағы бір мәрте айқындады.

Бұған дейін Ұлттық құрылтайда мектептерде ұжымдық жауапкершілікке баулу мәселесі мен өңірлердегі әлеуметтік жағдайды көтеру сөз болған еді