16 қыркүйектен бастап Қазақстанда азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған Қылмыстық заңнамаға өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Полиция мәліметінше, жаңа заң «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық заңнаманы оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» деп аталады. Ол адамдарды ұрлау және мәжбүрлеп үйлендіру сияқты өзекті тақырыптарды қамтиды.
Маңызды өзгерістердің бірі – Қылмыстық кодекстің 125-бабындағы ескертпені алып тастау. Бұған дейін адам ұрлаған тұлға, жәбірленушіні өз еркімен босатқан жағдайда, қылмыстық жауапкершіліктен босатылуы мүмкін еді. Енді бұл норма алынып тасталды: жәбірленуші өз еркімен босатылған күннің өзінде кінәлі заң бойынша жауап береді.
Сонымен қатар Қылмыстық кодекске «Неке қиюға мәжбүрлеу» деген жаңа бап енгізілді. Бұл әрекет енді ресми түрде қылмыс деп танылады.
Неке қиюға мәжбүрлеу үшін айыппұл, түзету немесе қоғамдық жұмыстар, бостандығын шектеу немесе айыру жазасы қарастырылған. Жаза қылмыстың сипатына байланысты: 2000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айырудан бастап, абайсызда ауыр зардаптарға әкеп соққан жағдайда бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейінгі мерзімдер белгіленген. Егер мәжбүрлеу зорлық-зомбылықпен, кәмелетке толмағандарға қатысты, тәуелділікті пайдалану арқылы, бірнеше адам бірігіп немесе қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану арқылы жасалса, жаза қатаңдатылады, – делінген хабарламада.
Аталған өзгерістердің мақсаты – мәжбүрлі некенің алдын алу және ең алдымен әйелдер мен жасөспірімдер сияқты қоғамның осал топтарын қорғау.