23.08.2025
05:30
885
Қытайлық миллионердің үйлену тойы қызу талқыға түсті

Қытайлық миллионердің үйлену тойы қызу талқыға түсті

61 жастағы қытайлық кәсіпкер Ли Гоцин студенттік шағында ғашық болған сүйіктісі – журналист Чжан Даньхунға үйленді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

South China Morning Post жазғандай, екеуі бір университетте оқыған. Алайда оқу бітірген соң жолдары екіге айырылған: Чжан Германияға кеткен. 1995 жылы миллионер оған оралуды өтініп, байлық уәде етіп, тіпті үйленуге ұсыныс жасаған. Бірақ Чжан: «Неге бәрі тек ақшаға келіп тірелуі керек?» – деп бас тартқан.

Бір жылдан соң Ли кәсіпкер Пегги Юмен шаңырақ көтерген. 1999 жылы олар бірігіп Dangdang интернет-дүкенін ашып, Қытайдағы ірі онлайн сауда алаңдарының бірін қалыптастырды. Алайда некелері даулы ажырасумен аяқталды: Ли жұбайын опасыздық жасады деп айыптады.

Бұл ажырасу процесі алты жылға созылып, тек 2025 жылдың маусымында аяқталды. Сот шешімі бойынша компанияны Ю өз қолына алды, ал Ли ірі қаржылай өтемақыға ие болды.

Сөйтіп, 2025 жылдың 16 тамызында Ли Гоцин өзінің алғашқы махаббаты Чжан Даньхунға үйленді. Жаңа жұбайлар қонақтарға сыйлық әкелмеуді сұрап, оның орнына 500 юаньнан (шамамен 37 мың теңге) Гуйчжоу провинциясындағы ауыл мектебіне немесе тұрмысы төмен отбасылардың балаларына көмек көрсетуге шақырды.

Бұл той қытайлық әлеуметтік желілерде үлкен талқыға түсті. Көпшілік бай кәсіпкердің көпке белгілі стереотипті бұзып, өзімен қатар әйелге үйленгенін ерекше құптады.