Қытайдың BYD компаниясы аккумулятор жүйесіндегі ақауға байланысты 89 мыңға жуық гибридті көлігін кері қайтарып жатыр, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Қытайлық BYD аккумулятор жүйесінде анықталған техникалық қауіпке байланысты гибридті көліктерінің ірі партиясын сервистік тексеріске шақырды. Компанияның мәліметінше, жалпы 88 981 дана Qin PLUS DM-i моделі кері қайтарылады. Бұл көліктер 2021 жылдың басынан 2023 жылдың қыркүйегіне дейін өндірілген.
Мемлекеттік нарықты реттеу басқармасына ұсынылған есепте аталған сериядағы кейбір машиналардың аккумулятор жинағында өндірістік біркелкілікке қатысты ақаулар байқалғаны айтылады. Осындай кемшілік көліктің тарту қуатының төмендеуіне әкелуі мүмкін, ал кей жағдайда авто электр режимінде жүре алмай қалуы ықтимал.
BYD-дың хабарлауынша, қайтару науқаны 28 қарашада басталды. Бұл шешім мемлекеттік реттеуші жүргізген техникалық зерттеулер нәтижесінен кейін қабылданған.
Компания жасаған жоспарға сәйкес, барлық уәкілетті дилерлерге диагностикалық жүйенің бағдарламасын қашықтан тегін жаңарту тапсырылған. Егер жаңартудан соң автомобильдің тартқыш батареясында күмәнді көрсеткіштер анықталса, жүйе жүргізушіге панельдегі индикатор арқылы ескерту жібереді. Мұндай жағдайда көлік иесіне аккумулятор жинағын тегін ауыстыру ұсынылады.
Кері қайтарып алу жөніндегі ресми хабарлама көлік иелеріне пошта, қоңырау және SMS арқылы жіберіледі.