11.10.2025
11:45
410
«Қытайға келген әр саяхатшының басты бағыты»: Ұлы Қорғанға саяхат

«Қытайға келген әр саяхатшының басты бағыты»: Ұлы Қорғанға саяхат

Бейжің маңындағы Цзюйюнгуань асуындағы Ұлы Қытай қорғаны — ғасырлар бойы елді сыртқы жаудан қорғап тұрған алып құрылыс. Біз сол ежелгі бекіністің ізімен жүріп, тарихтың тынысын сезіндік, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттінің тілшісі. 

Біз Ұлы Қытай қорғанының әйгілі Цзюйюнгуань учаскесін араладық. Бұл — ежелгі өркениеттің ұлы еңбегі мен елдің рухын танытатын ерекше нысан. Жоталар мен асуларды бойлай созылған тас қабырға бүгінде тек тарихи ескерткіш емес, Қытай халқының төзімі мен бірлігінің белгісіне айналған.

Фото: Азамат Қойшығара

Қорған не үшін салынды?

Ұлы Қытай қорғанының басты мақсаты — елдің солтүстігіндегі көшпелі тайпалардың шапқыншылығынан қорғану еді. Ежелгі жазбаларда қорғанның алғашқы нұсқалары б.з.д. VII–V ғасырларда-ақ пайда болғаны айтылады.

Б.з.д. 221 жылы Қытайды біріктірген Цинь Шихуанди патша бұрынғы патшалықтардың қабырғаларын біріктіріп, тұтас қорған жүйесін салуға бұйрық берді. Бұл құрылыс солтүстіктегі сюнну (ғұндар) тайпасының шабуылына тосқауыл қоюға бағытталған еді.

Қорған бойына әскери гарнизондар мен қарауыл мұнаралары қойылып, түтін және от арқылы сигнал беру жүйесі жұмыс істеген. Бұл шапқыншылықтар туралы хабарды тез жеткізіп, әскерді дайындыққа келтіруге мүмкіндік берді.

Сонымен қатар, кейбір шекара бекеттері арқылы ғұндарға қарсы сауда шектеуі мен бақылау орнатылды — яғни, қорған тек физикалық кедергі емес, саяси және экономикалық құрал қызметін де атқарған.

Кейінгі ғасырларда бұл қорған түрлі тайпалар — жүрчендер, қидандар, түркілер, моңғолдар мен маньчжурлардан қорғану мақсатында күшейтіліп отырды.

Ұлы Қытай қорғаны - бір дәуірдің емес, бірнеше мыңжылдықтың еңбегі. Оның алғашқы бөлігі шамамен б.з.д. VII ғасырда басталып, негізгі құрылыс Цинь, Хань, Суй және Мин әулеттерінің тұсында жалғасқан.

Цинь Шихуан кезеңінде бұл жобаға шамамен миллионға жуық адам тартылған деген дерек бар. Олар қатарында сарбаздар, тұтқындар, шаруалар және жұмысшылар болған. Қатты климат, биік таулар мен шөл далалардағы ауыр еңбек мыңдаған адамның өмірін қиды.

Ал Мин дәуірінде (1368–1644) қорғанның кірпіштен қаланған берік нұсқасы салынып, қазіргі келбеті қалыптасты.

Қорғанның әр бөлігі сол өңірдің табиғатына сай материалдан тұрғызылған. Шөл аймақтарында — нығыздалған топырақ пен қамыс, таулы аймақтарда - тас пен күйдірілген кірпіш қолданылды. Мин дәуіріндегі нұсқаларда қабырғалардың биіктігі орта есеппен 7–8 метрге, ені 6 метрге жеткен.

Қабырға бойында қарауыл және байланыс мұнаралары, бекініс қақпалары, қамалдар орналасқан. Мұнаралар бір-біріне түтін мен от арқылы белгі беріп отырған. Бұл - ежелгі кезеңдегі алғашқы “жылдам хабар беру жүйесінің” бірі еді.

Фото: Азамат Қойшығара

Цзюйюнгуань — Бейжіңнің солтүстік қақпасы

Біз барған Цзюйюнгуань (居庸关) учаскесі Бейжіңнің солтүстігінде, Чанпин ауданында орналасқан. Бұл асу — ежелгі астананы қорғаған маңызды өткел.

Оның дәл ортасында “Бұлт платформасы” (Yuntai) деп аталатын ерекше мүсін бар. Юань дәуірінде, шамамен 1342–1345 жылдары салынған бұл құрылымның бетіне будда мәтіндері алты түрлі жазуда ойылып жазылған.

Мин дәуірінде Цзюйюнгуань асуы стратегиялық маңызын арттырып, ел қорғаған үш негізгі бекеттің бірі болған.

Фото: Азамат Қойшығара

Қорған неше рет жөнделді?

Ұлы Қорғанның кей бөліктері ғасырлар бойы бұзылып, уақыт сынына ұшырады. Қалпына келтіру жұмыстары алғаш рет 1957 жылы басталған. Кейін 1980–1990 жылдары кең көлемді реставрация жүргізіліп, туристерге ашылды.

Ал Цзюйюнгуань учаскесі толықтай 1992 жылы жаңартылып, 1998 жылы ресми түрде қайта ашылған.

Фото: Азамат Қойшығара

Бүгінгі Ұлы Қорғанның бейнесі қандай? 

Қазір Ұлы Қытай қорғанының жалпы ұзындығы шамамен 21 196 шақырым деп есептеледі. Тарихшылар бұл қорғанның 10 пайызға жуығы ғана жақсы сақталғанын айтады. UNESCO ұйымы 1987 жылы Ұлы Қорғанды әлемдік мәдени мұралар тізіміне енгізген. Қазіргі таңда ол Қытайдың ең танымал туристік нысанына айналған.

Жыл сайын 10 миллионнан астам адам қорғанның түрлі учаскесін аралап көреді. Ең танымал бөлігі - Бадалин, ал Цзюйюнгуань - тарихи және мәдени тұрғыдан ең құнды аймақтардың бірі.

Ұлы Қытай қорғаны — тек тас пен кірпіштен тұрғызылған құрылыс емес, бұл — адамның еңбекқорлығы мен төзімінің ескерткіші. Ол ғасырлар бойы тек ел шекарасын қорғап қана қоймай, Қытай өркениетінің күші мен ұлт рухының айғағына айналды. Бүгінде тауларды бойлай иілген алып қабырға туристер үшін тек саяхат нысаны ғана емес, адамзат тарихының ұлы сабағы іспетті.

Фото: Азамат Қойшығара
Фото: Азамат Қойшығара
Фото: Азамат Қойшығара
Фото: Азамат Қойшығара
Фото: Азамат Қойшығара