Қытайда танымал Zeekr және Neta электромобиль өндіруші компаниялары жасанды түрде сатылым көрсеткіштерін арттырды деген күдікке ілікті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы Reuters агенттігіне сілтеме жасап.
Аталмыш брендтер көліктерді сатпай тұрып-ақ, сақтандыру полистері арқылы тіркеп, сатылған ретінде есепке алған. Мәселен, 2023 жылдың қаңтарынан 2024 жылдың наурызына дейінгі аралықта Neta осы тәсілмен 64 мыңнан астам көлік сатқан болып көрінген — бұл кезеңдегі жалпы сатылымның жартысынан астамы.
Ұқсас жағдай 2024 жылдың соңында Zeekr компаниясынан да анықталған. Әсіресе Сямэнь провинциясында мұндай тіркеу әдісі жиі қолданылғаны белгілі болды.
Бұл схеманың мәні мынада: көліктер заңды тұлғалардың атына сақтандырылып, тіркеледі. Бұл сатылған автокөлік ретінде есеп беру үшін жеткілікті. Алайда іс жүзінде көліктер дилерлердің иелігінде қалып, соңғы тұтынушыға жеткізілмеген. Кейбір жағдайда нақты сатып алушылар өз «жаңа» көліктерінің жүйеде бұрын тіркеліп, пайдаланылған техника ретінде көрсетілетініне таң қалған.
Қытайдың мемлекеттік органдары мен Автоөндірушілер қауымдастығы мұндай әрекеттерді қатаң сынға алды. Билік тарапынан сақтандыру арқылы тіркелген көліктерді алты ай ішінде қайта сатуға тыйым салу ұсынысы қарастырылып жатыр. Сонымен қатар, нарықтағы мұндай манипуляцияларға жол бермес үшін қадағалау шаралары күшейтіледі деп күтілуде.
Сарапшылардың айтуынша, электромобиль нарығындағы жоғары бәсеке компанияларды сатылым өсімін жасанды түрде көрсетуге итермелеп отыр. Алайда, репутациялық шығын мұндай қысқа мерзімді табыстан әлдеқайда ауыр болуы мүмкін.