Қытайда ҚазҰУ ғалымдарының инновациялық көрмесі өтті

28 Қаңтар, 11:46 687

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қытайдың Үрімжі қаласында тұңғыш рет ғылыми-инновациялық көрме өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, Қытай Халық Республикасы Білім министрлігінің шақыртуымен ұйымдастырылған шараға жергілікті 196 университеттің ректоры мен ғылыми-зерттеу орталықтарының басшылары, 600-ден астам Қытай университеттерінің өкілдері, 40 ірі өндіріс корпорациясының басшылары мен екі елдің дипломатиялық корпусы, ғалымдар мен кәсіпкерлер жиналды.

Қытай Халық Республикасының білім вице-министрі Сунь Яо, Қытай халықтық саяси консультативтік кеңесі Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы комитетінің вице-төрағасы, Шыңжаң университеті парткомының хатшысы Сюй Сяньи бастаған Қытай делегациясы ҚазҰУ-дың ғылыми-инновациялық жобаларына айрықша қызығушылық танытты.

Ауқымды шараға Қазақстан тарапынан ҚР ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Заки, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің басқарма төрағасы – ректоры Жансейіт Түймебаев және 30-ға жуық ҚазҰУ ғалымдары қатысты.

ҚазҰУ ұсынған халықаралық көрмеге келушілер назарына патент алынып және коммерцияландыру жұмысы жүргізіліп жатқан ғылыми-инновациялық жобалар ұсынылды.

Көрмеде ҚазҰУ-дың 90 жылдығы аясында ашылған химиялық гальваникалық қаптамалар шығаратын Chemical Coating innovations ғылыми-өндірістік орталығы өздерінің өнімдерін таныстырды.

ҚазҰУ ғалымдары сондай-ақ дәрілік өсімдіктерден жасалған биологиялық белсенді қоспалар мен фитошайларды, бекіре балықтарын түрлі аурулардан емдейтін жаңа антибактериалды препараттарды ұсынды.

Сонымен қатар көрмеде Қазақстан ЖОО-лары арасында алғаш рет ҚазҰУ базасында құрастырылып, ғарышқа ұшырылған нано-ғарыш аппараты таныстырылды. Білім беру мекемелерінде ғарыштық робототехника мен STEM білім беру жүйесін дамытуға арналған «ALFASAT» инновациялық конструкторы да көрсетілді.

Университеттегі Қан тамырлары патологиясы орталығының ғалымдары көрмеде артериялық тамырлардың өткізгіштігін қалпына келтіруге арналған жаңа құрылғы мен инновациялық әдісін таныстырды.

Көрме жұмысы Қазақстан мен Қытай университеттерінің халықаралық ғылыми симпозиумына жалғасты. Ауқымды жиынға қатысушылар білім-ғылым саласындағы ортақ мақсаттар мен ынтымақтастық бағыттарын, ҚазҰУ-дың ғылыми жобаларын коммерцияландыру мәселелерін талқылап, тәжірибе алмасты. ҚР ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Заки екі ел ғалымдарының инновациялық идеяларын шоғырландырған Қытайдағы тұңғыш іс-шараның ерекше маңызын атап өтіп, университеттік ғылымды дамытуда халықаралық тәжірибелердің айрықша рөл атқаратынын тілге тиек етті.

Халықаралық көрме мен симпозиум жұмысы ғылыми платформа ретінде Қытай мен Қазақстанның ең талантты ғалымдары арасындағы өнімді ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашады. Бұл бастама нәтижелі қазақстандық ғылыми жобаларды өндіріске енгізу бойынша серіктестер тартуға зор үлес қосады деп санаймын, – деді вице-министр.

ҚазҰУ басшысы Жансейіт Түймебаев өз сөзінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы Қытай Халық Республикасына екі рет – мемлекеттік және ресми сапармен барғанын атап өтіп, соңғы уақытта ел арасындағы тығыз ықпалдастықтың артып келе жатқанына тоқталды.

17 мамырда және 17 қазанда Мемлекет басшысы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөздер жүргізіп, сауда-экономика, мұнай-газ, мұнай химиясы, энергетика, білім және ғылым, қаржы салаларындағы жан-жақты ынтымақтастығын дамыту мәселелерін талқылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына мамырдағы мемлекеттік сапары барысында ҚазҰУ базасында Солтүстік-батыс политехникалық университетінің филиалын ашу туралы келісілді. 12 қазанда ҚазҰУ-да филиалдың салтанатты ашылу рәсімі өтіп, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін арнайы зертханалық сыныптар іске кірісті. 2023 жылдың 8 желтоқсанында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қытай университеттерінің көрмесі өтті. Шараны ҚазҰУ мен ҚХР стипендиялық кеңесі және Алматы қаласындағы ҚХР бас консулдығы ұйымдастырды. Көрмеде Қытайдың 45-ке жуық ең үздік университеті академиялық қызметі туралы ақпарат беріп, ғылыми жетістіктерімен бөлісті. ҚазҰУ делегациясының Үрімжіге жұмыс сапары да ортақ ғылыми жобаларды тиімді іске асыруға, ғылыми жетістіктерді өндіріске енгізуге, ынтымақтастықты жаңа бағытта дамытуға жол ашатынына сенімдімін», – деді ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев.

Симпозиум барысында ҚХР білім вице-министрі Сунь Яо, Қытайдың халықтық саяси консультативтік кеңесінің Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы комитетінің вице-төрағасы, Шыңжаң университеті партия комитетінің хатшысы Сюй Сяньи, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының тұрақты партия комитетінің мүшесі Ван Цзянсин, Тяньцзинь педагогикалық университетінің проректоры Бай Сюйцзюнь, Қытай инженерлік академиясының академигі, Шыңжаң университетінің профессоры Ушур Слам сөз сөйлеп, екі ел ғалымдарының әріптестігін дамытудың маңызы мен ҚазҰУ-дың инновациялық жобаларының өзектілігін атап өтті.

Іс-шарада ҚР ҰҒА академиктері, ҚазҰУ профессорлары Мұхамбетқали Бүркітбаев пен Амангелді Бисенбаев өздерінің жетекшілігімен жүзеге асырылған ғылыми жобаларын таныстырды.

ҚазҰУ делегациясының Үрімжіге жұмыс сапары нәтижесінде Қытай Халық Республикасының Шыңжаң университетімен химия және химиялық инженерия, құқық, ақпараттық технологиялар, жерді қашықтықтан зондтау, академиялық және ғылыми ынтымақтастық бағыттары бойынша екіжақты меморандумдарға қол қойылды.

Сонымен қатар Шыңжаң университетімен Қытай-Қазақ жоғары оқу орындарының біріккен зерттеу орталығын ашу бойынша және Шыңжаң педагогикалық университетімен өзара түсіністік туралы келісім жасалды.

Жансая Әділбек
Бөлісу: