Қазақстан құрамасының бұрынғы қақпашысы Самат Отарбаевтың айтуынша, Қытайда «Қайрат» пен мадридтік «Реал» арасындағы Чемпиондар лигасы ойынына билеттер сатыла бастаған, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Бүгін, 22.09.2025 ж., мынадай хабар естідім: Қытайдан, дәлірек айтқанда, Шанхайдан адамдар «Қайрат» – «Реал» матчының 1000 билетiн клуб басшылығы арқылы ресми сатылымға дейін сатып алыпты. Ресми ақпарат қолымда жоқ, бірақ айналма жолдармен де қалаған билетке қол жеткізуге болатын сияқты. Алайда бір адамға бағасы шамамен 30 000 юаньды (ұшақ билеті, қонақүй, тамақ және ойынға билет) құрайды. Бұл шамамен 2 310 000 теңге, – деп жазды Отарбаев Threads әлеуметтік желісінде.
Айта кетейік, Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі екінші тур ойыны «Қайрат» пен «Реал» арасында 30 қыркүйекте Алматыда өтеді. Ал билеттердің ресми сатылымы 23 қыркүйекте сағат 17:00-де басталатыны бұған дейін хабарланған еді.