19.07.2025
12:07
8467
Қытайда пранк жасаған қазақстандық блогер жазалануы мүмкін

Қытайда пранк жасаған қазақстандық блогер жазалануы мүмкін

Қытайдың Гуанчжоу қаласында қазақстандық блогер әлеуметтік желілерде тараған "Қытайда ұрлық жоқ" деген пікірге байланысты қоғамдық орындарда арандатушылық әрекеттер жасап, жергілікті халықтың наразылығын тудырды. Бұл туралы Tengri Life Sohu басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Жергілікті БАҚ-тың мәліметінше, блогер өзінің танысымен алдын ала келісіп, метро ішінде оның қалтасынан телефонды шығарып алып, оны айналадағыларға "ала қойыңдар" деп ұсынған. Кейін телефонның жоғалғанын сылтауратып, жанындағы жолаушыларды ұрлық жасады деп ашық айыптай бастаған.

Бұдан бөлек, блогер көшеде бейтаныс ер адамдарға жақындап, олардың қолынан ұстап, жұртты шошытқан. Әлеуметтік желі қолданушыларын ерекше ашуландырған жайт — оның бір жас жігіттің санын қолымен сипап, ол қашқақтай бастағанда, білегінен тартып ұстауы. Тағы бір эпизодта ол жас қыздың иығына жабысып, оны шошытқан.

Бұл әрекеттер блогер тарапынан "әлеуметтік эксперимент" ретінде түсіндірілгенімен, қытайлық пікір білдірушілер бұл әрекеттерді Қытайдағы әйелдердің құқығын қорғау туралы заңға қайшы келетін сексуалдық қысым көрсету деп бағалаған.

Сонымен қатар, ол қоғамдық орында рұқсатсыз видео түсіріп, жалған айып тағу, тәртіп бұзу сияқты бірнеше заң бұзушылыққа жол бергені хабарланды. Бұл Қытай заңнамасының әкімшілік, азаматтық және қылмыстық кодекстерін бір мезетте бұзуы мүмкін.

Жергілікті билік бұл оқиғаға дереу әрекет етті: блогердің барлық қытайлық платформалардағы аккаунттары бұғатталып, видеолары өшірілді. Гуанчжоу полициясы ресми тексеріс бастаған.

Ал блогердің өзі де барлық әлеуметтік желідегі видеоларын өшіріп, әрекетін жасыруға тырысқан.