Қытайдың солтүстік-батысындағы Шэньси провинциясында жол көпірінің бір бөлігі опырылып түсті. Синьхуа агенттігінің хабарлауынша, 11 адам қаза тапты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Оқиға толассыз жауған жаңбыр мен су тасқынының салдарынан болған. Билік көпірдің тіреуіш құрылымы төтеп бере алмай, тікелей өзенге құлағанын хабарлады. Құтқарушылар суға батып кеткен бес көлікті тапты. Алдын ала мәлімет бойынша 20-ға жуық көлік пен 30-дан астам адам із-түзсіз жоғалған.
Төтенше жағдайға байланысты Табиғи апаттардың алдын алу жөніндегі мемлекеттік комитет төртінші деңгейлі төтенше жағдайды жою режимін енгізіп, Шэньси қаласына мамандандырылған жұмыс тобын жіберді. Оның міндеті – жергілікті билік органдарына су тасқынының салдарын жоюға көмектесу және құтқару жұмыстарына қолдау көрсету.
Соңғы мәлімет бойынша өзенге түсіп кеткен 5 көлік табылды. Құтқару жұмыстары жалғасуда.