Қытайдың Сиань қаласында ауыр дертке шалдыққан екі жастың тағдыры адамдарды толқытқан ерекше оқиғаға айналды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы South China Morning Post басылымына сілтеме жасап.
24 жастағы Ван Сяоға он екі жыл бұрын уремия диагнозын алған. Дәрігерлер оның өмірін сақтау үшін бүйрек трансплантациясы қажет екенін айтқанымен, туыстарының ешқайсысының қан тобы сәйкес келмеген. Сол кезде оған ерекше кеңес беріледі – егер қатерлі ісікке шалдыққан адаммен некелессе, ол қайтыс болған соң оның бүйрегін алуға мүмкіндік болар еді.
Ван әлеуметтік желі арқылы осындай хабарландыру жариялап, кездейсоқ миеломамен ауыратын 27 жастағы Юй Цзяньпинмен танысады. Ер адам оған үйленуге келісіп, өз бүйрегін өлімінен кейін әйеліне мұра етуге уәде берген. Ал Ван Юй мен оның қарт әкесіне қамқорлық көрсетуді өз мойнына алады.
Бірақ уақыт өте келе олардың қарым-қатынасы мүлде басқа арнаға бұрылды. Екеуі бір-біріне бауыр басып, шын ғашық болып, өмірдің мағынасы мен үмітін бірге тапты. Ван сүйіктісіне көмектесу үшін сүйек кемігін трансплантациялауға қаржы жинап, шағын гүл бизнесін бастайды. Біраз уақыттан кейін ол қажетті қаражатты жинап, Юйге сәтті ота жасалады.
2014 жылдың жазында Юйдің жағдайы тұрақталып, ауруының белгілері жойылады. Ал Ванның да денсаулығы жақсарып, бұрын аптасына екі рет диализ жасатса, енді айына бір рет қана қажет болады. Сөйтіп, бастапқы трансплантация жоспарының қажеті қалмайды.
2015 жылы жұп салтанатты түрде үйлену тойын өткізеді. Олардың өмір тарихы кейін «Viva la Vida» атты көркем фильмге арқау болып, 2024 жылы жарық көрді. Бұл туынды 276 миллион юань (шамамен 20 миллиард теңге) табыс жинап, көрерменнің жүрегін жаулап алды.