Ақпанның басында Чунцин қаласында электрондық көмекшілер жүйесін (ADAS) жол қозғалысының күрделі жағдайында сынауға мүмкіндік беретін арнайы орталық ашылды. Бұл туралы kolesa.kz CarNewsChina басылымына сілтеме жасап жазды.
Алып ангардың ішінде тұман, жауын-шашын сияқты жолда кездесетін күрделі жағдайлар бейнеленген. Ғимарат CMVR (China Merchants Testing Vehicle Technology Research Institute) компаниясына тиесілі. Фирманың Шығыс, Оңтүстік және Солтүстік Қытайда өзге де алаңдары бар. Хэйхэ қаласында машинаны төмен температурада тексеретін базасы және бүкіл Қытай бойынша 2700-ден аса корпоративтік клиентке қызмет көрсететін бірнеше еншілес кәсіпорны жұмыс істейді.
Арнайы роликтер мен қозғалмалы платформалар 130 км/сағ-қа дейінгі жылдамдықты имитациялап, алдыңғы көлікке кенет жақындау, шұғыл жолақ ауыстыру, жолға жүгіріп шығатын жаяу жүргінші сияқты әртүрлі сценарийде техниканың реакциясын анықтайды.
Зертхана құрғақ жолда ғана емес, тұманда және нөсерде жарық деңгейі әртүрлі (күндіз, түн, ымырт) трассада қозғалу сценарийлерін модельдейді. Яғни кешен ADAS жүйесін кез келген ауа райында сынап көруге мүмкіндік береді.
CCTV жариялаған видеодан жаңа орталықта алғаш болып Changan Nevo A06 тест тапсырғаны байқалады, мамандар модельдің электрондық көмекшілер жүйесін жолдағы түрлі күрделі жағдайда тексеріп көрген.