2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қытайда жеке ақпаратты шетелге беру тәртібін реттейтін жаңа сертификаттау ережелері күшіне енеді. Бұл бастама деректерді қорғау деңгейін арттыруға және трансшекаралық ақпарат алмасуды заңдық тұрғыдан ретке келтіруге бағытталған.
Қытайдың Киберкеңістікті басқару әкімшілігінің мәліметінше, жаңа тетік деректер экспорттаушыларына ҚХР-дың «Жеке ақпаратты қорғау туралы» заңы мен ұлттық сертификаттау стандарттарына сай заңды мүмкіндік береді.
Жаңа сертификаттау жүйесі маңызды ақпараттық инфрақұрылым операторларына емес, жеке деректерді өңдейтін өзге ұйымдарға қолданылады. Ол жыл басынан бері шетелге 100 мыңнан 1 миллион адамға дейінгі жеке, бірақ сезімтал емес деректерді, не 10 мыңнан аз адамның сезімтал деректерін жіберген компанияларға міндетті болады. Ал «маңызды деректер» ұғымы бұл процедураның аясынан шығарылған.
Құжатта операторларға ірі деректер базасын ұсақ бөліктерге әдейі бөлшектеу арқылы сертификаттаудан жалтаруға қатаң тыйым салынады.
Жаңа тәртіп бойынша, ұйымдар арнайы аккредиттелген органдарға өтініш беріп, сертификаттаудан өтуі тиіс. Әрбір сертификат үш жыл мерзімге беріледі.
Сертификаттау саласына жалпы бақылауды Қытайдың Киберкеңістікті басқару әкімшілігі мен Мемлекеттік нарықты реттеу басқармасы жүзеге асырады.