Қытайдың Төтенше жағдайлар министрлігі табиғи және техногендік сипаттағы апаттарды бақылау және әрекет ету жүйесіне жасанды интеллект технологияларын ауқымды түрде енгізетінін мәлімдеді, деп хабарлайды EL.kz интернет порталы.
Ғылым және ақпараттандыру департаментінің директоры Вэй Пинъяннің айтуынша, ведомство қазір төтенше жағдайларды «ақылды басқару» ұлттық жүйесінің негізгі бөлігіне айналған «Цзюань» атты жасанды интеллект моделін белсенді түрде қолданып отыр.
Бұл модель ел аумағындағы жағдайды нақты уақыт режимінде бақылай алады және электр энергиясы, байланыс пен көлік инфрақұрылымындағы үзілістерді қоса алғанда, ықтимал қауіп аймақтарын алдын ала анықтауға мүмкіндік береді. Жүйе деректерді талдағаннан кейін автоматты түрде ескерту жібереді және құтқару қызметтерінің іс-қимылын үйлестіреді.
«Цзюань» моделі заңнамалық құжаттар, ережелер мен нақты тәжірибелер негізінде оқытылған. Ол министрліктің күнделікті жұмысына толық интеграцияланған. Мысалы, тексеру кезінде заң бұзушылықты анықтау үшін объектіні суретке түсіру жеткілікті — жүйе талдау жасап, тиісті шараларды ұсынады.
Биыл Нинбо қаласында болған «Чжужецао» тайфуны кезінде жасанды интеллект бейнеағындарды өздігінен талдап, дер кезінде ескертулер жіберіп, құтқарушылардың қауіптің алдын алуына көмектескен.
Вэй Пинъяннің айтуынша, жасанды интеллект төтенше жағдайларды басқару жүйесін заманауи деңгейге көтерудің басты бағытына айналып отыр. Министрлік алдағы уақытта «Цзюань» моделін жетілдіріп, бүкіл жүйенің тиімділігін арттыруды жалғастырмақ.