Мемлекет басшысы Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Чжао Лэцзимен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Әңгімелесу барысында Президент жиынға шақырғаны және шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Қытай Халық Республикасының басшылығы мен Боао Азия форумының Хатшылығына алғыс айтты.
Боао форумына қатысқаныма қуаныштымын. Бұл өте маңызды әрі қолдауға лайықты шара деп санаймын. Сондықтан мен арнайы келіп, форумда сөз сөйлеуге шешім қабылдадым. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Төраға Си Цзиньпинге жылы лебізімді жолдағым келеді. Оның шілде айының басында Қазақстанға жасайтын мемлекеттік сапарын асыға күтеміз. Төраға Си Цзиньпиннің дана басшылығымен қолға алынған маңызды бастамалардың бәрі толықтай жүзеге асатынына сенімдіміз. Си Цзиньпин мырзаның елдеріміз арасындағы тату көршілік, ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан достық қатынастарды және мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық серіктестікті нығайтуға қосқан жеке үлесін жоғары бағалаймыз. Бірлескен күш-жігердің арқасында барлық бағыт бойынша тиімді мемлекетаралық ықпалдастықты жолға қойдық. Си Цзиньпин мырзамен Бейжіңдегі кездесуді ерекше ықыласпен еске аламын. Менің ойымша, Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықты тереңдетуге және әртараптандыруға бағытталған күш-жігеріміз өз жемісін береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.