Жетісу аудандық №2 сотында Алматы қаласындағы қытай көліктерін сатумен айналысатын автосалон менеджері, 30 жастағы Назерке Қарабековаға қатысты үкім жарияланды. Ол алаяқтық жасап, тұтынушыларды көлік сатамын деп алдағаны үшін кінәлі деп танылды.
Іс материалдарына сәйкес, былтырғы жылдың қазан айында ерлі-зайыпты жұп «Sanzhar Rulit» автосалонына гибридті көлік сатып алу үшін барған. Автосалон иесі Абдаллах-Санжар Аскаров сатып алушылармен жеке сөйлесіп, 500 мың теңге жеңілдік жасап, құжаттарды рәсімдеуді менеджерге тапсырған.
Осыдан кейін Назерке Қарабекова сатып алу-сату шартын дайындап, клиенттерге 7,5 миллион теңгені компания шотына емес, өзінің танысының есепшотына аударуды айтқан. Кейін тағы 7,4 миллион теңге және қосымша 2 миллион теңге сұраған. Нәтижесінде жұп «Deepal» маркалы автокөлік үшін жалпы 16,9 миллион теңге төлеген. Менеджер көлікті 2025 жылдың соңына дейін жеткізіп беремін деп уәде еткен.
Алайда көлік сатып алушыларға жеткізілмеген. Біраз уақыттан кейін клиенттер ақшаларын қайтаруды талап етіп келгенде, келісімшарттағы автосалон басшысының қолы мен мөрі қолдан жасалғаны анықталған.
Осыдан соң жәбірленушілер полицияға арыз жазып, қылмыстық іс қозғалған. Сот барысында Назерке Қарабекова кінәсін мойындамай, ақшаны әріптесіне бергенін айтқан. Алайда бұл уәж дәлелденбеді.
Сот оны алаяқтық бабымен кінәлі деп танып, 6 жылға бас бостандығынан айырды. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.