Қытайдың «Тяньгун» орбиталық станциясында жүрген тайконавттар (қытай ғарышкерлері) алғаш рет ғарыш тарихында кәуап дайындады. Бұл ерекше сәт Қытайдың әлеуметтік желілерінде тараған бейнежазбада көрсетілген, деп жазады El.kz интернет порталы.
«Шэньчжоу-20» және «Шэньчжоу-21» кемелерінің экипаждары арнайы жасалған пештің көмегімен тауық қанаттары мен стейк пісірген. Ас дайындау процесі небары 28 минутқа созылған.
Ғарыш пеші халықаралық миссиялардың тәжірибесі негізінде жасалып, түтін шығармай, тағамды біркелкі әрі қауіпсіз қыздыруға мүмкіндік береді.
Қытай ғарыш агенттігінің мәліметінше, аспандағы бұл «аспаздық жаңалық» – ұзақ мерзімді экспедициялар кезінде тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған бағдарлама аясындағы жаңашылдықтардың бірі. Қазіргі таңда тайконавтардың мәзірінде 190-нан астам түрлі тағам бар.