Қытай билігі ел тарихындағы чикунгунья вирусының ең ауқымды өршуін тежеу үшін ерекше әдістерді іске қосты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
The Telegraph хабарлауынша, 2025 жылғы шілдеден бері оңтүстіктегі Гуандун провинциясында 7000-нан астам жағдай тіркелген. Бұл көрсеткіш халықаралық сапарлар, ыстық ауа райы және нөсер жауын салдарынан рекордтық деңгейге жеткен.
Вирус тасымалдаушысы — Aedes масасына қарсы Фошань қаласында жыртқыш слон масалары (Toxorhynchites) жіберілді. Олардың дернәсілдері Aedes дернәсілдерін жеп қояды. Бұл жәндіктер қанмен қоректенбейтіндіктен, инфекция таратпайды. Сонымен қатар, су айдындарына маса дернәсілдерімен қоректенетін 5000 балық жіберілді.
Биологиялық әдістермен қатар, билік «нөлдік COVID» саясатына ұқсас қатаң шараларды да енгізген: масалар көбейетін орындарды жою, үйлерді тексеру, аулалардағы жиналған су үшін 1300 долларға дейін айыппұл салу, қауіпті аймақтарды анықтау үшін дрон қолдану. Инфекция жұқтырғандар ауруханада масаға қарсы тордың астында болуы тиіс, ал көшелер инсектицидтермен өңделіп жатыр.
Билік мәліметінше, ауру жұқтырғандардың саны шегіне жетті: тек өткен аптада 3000 жаңа жағдай анықталған. Дегенмен, науқастардың 95%-ы бір апта ішінде айығып кетеді.