Қыс басталысымен Қазақстанның табиғаты мүлде басқа реңкке енеді. Қар жамылған тау сілемдері, аппақ түске боялған ормандар мен мұз айдындары – бәрі де саяхатшылар үшін ерекше атмосфера сыйлайтын көріністер. Бұл мезгіл елордадан бастап оңтүстік пен шығыс өңірлерге дейін ішкі туризмге жаңа серпін береді.
Ұлттық бюро статистикасының мәліметі бойынша, биылғы 9 айда 12 млн 134 599 шетелдік келуші тіркелген. Қазақ туризмның айтуынша, былтырғы жылы Дүниежүзілік экономикалық форумның (World Economic Forum) Саяхат пен туризмді дамыту индексіне сәйкес Қазақстан туристік бағыттар тізімінде 119 ел арасынан 52-орынды иеленген.
Қазақстанда қыс өте әдемі әрі әр өңірдің өзіне тән ерекшелігі бар, бірақ ең қолайлы, әрі отбасымен, балалармен демалуға ыңғайлы аймақ Бурабай деп сенімді түрде айтуға болады. Неге? Өйткені мұнда табиғаттың қысқы сұлулығы, таза ауа, тыныштық және балаларға да, ересектерге де арналған қысқы ойын-сауықтың барлық түрі бір жерде тоғысқан.
Неге қыста Бурабайға бару керек?
Ертегі әлеміне енгендей сезімде боласыз. Ақ қарға оранған қарағайлы орман, мұз қатқан Бурабай көлі, алыстан көз тартатын Оқжетпес шыңы, Жеке батыр тауы мұның бәрі қысқы кезеңде ерекше сұлулыққа бөленеді. Күн ашық болса, күн сәулесі қардан шағылысып, барлық жерді алтын түске бояйды. Балалар «Мұзды патшалыққа келдік пе?» деп қуанады.
Бурабай – экологиялық таза аймақ. Қыста туристер саны азаяды, сондықтан шу жоқ, тек қардың сықыры мен құстардың дыбысы ғана естіледі. Астма, аллергия сияқты тыныс алу жолдары ауруы бар балаларға өте пайдалы.
Көптеген демалыс базалары қыста ашық (Rixos Borovoe, Gloria, Жумбактас, Самрук, Көкшебел және т.б.). Жылы бассейндер, сауна, балалар бөлмесі, аниматорлар бар орындар көп. Көлікпен немесе пойызбен (Астанадан 3-4 сағат) оңай жетуге болады.
Қыста Бурабайда не істей аласыз?
Шаңғы тебу – «Бурабай Шымбұлақ» шаңғы кешені бар, балаларға да, ересектерге де арналған трассалар бар. Шаңғы, сноуборд жалға алуға болады.
Коньки тебу – Бурабай көлінің мұзы қатқанда (әдетте желтоқсанның ортасынан бастап) тегін коньки тебуге болады, немесе базаларда жасанды мұз айдындары бар.
Қысқы серуендер мен атпен шана – қарағай орманымен серуендеу, атпен немесе жылқы шанамен жүру. Мұзда балық аулау ерлерге ұнайды, балалар да қызығып қатыса алады.
Қай уақытта бару қолайлы?
Желтоқсанның соңы немесе қаңтар ең әдемі, қар мол, мұз қатқан. Ақпанда күн жылырақ және күн ұзағырақ болады. Бірақ сонда да қар жатады. Наурызда қар ери бастайды, соның өзінде де табиғаты әдемі.
Егер Бурабай сізге тым «танымал» әрі туристік болып көрінсе, ал сіз шынайы тыныштық, адам аяғы тимеген қысқы табиғат және толық «оффлайн» сезімін қаласаңыз дәл осы жерге барыңыз.
Неге қыста Шалқар-Имантау ерекше әдемі?
Ақ қарға оранған қайың тоғайлары – қыстың нағыз әдемі көрінісі. Қарағай емес, ақ қайыңдардың арасында қар жамылған кезде, күн сәулесі түскенде барлық жер күміс түске боялады. Мұндай көріністі еш жерден таппайсыз.
Шалқар, Имантау, Айыртау көлдері – үлкенді-кішілі 50-ден астам көл бар. Қыста мұз бен қардың арасында көкшіл-күміс түсті айдындар керемет көрінеді.
Толық тыныштық – Бурабайдан айырмашылығы, мұнда туристер өте аз. Кейде бірнеше шақырым жерде бірде-бір адамды кездестірмейсіз.
Таза ауа – қайың орманы мен көлдердің арқасында ауа ерекше жеңіл әрі оттегіге бай.
Қыста не істей аласыз?
Қарлы қайың тоғайымен ұзақ серуендеу. Арнайы жолдар бар, бірақ ең әдемісі – жолсыз жермен қар басқан орман ішінде ақырын жүру. Тек қардың сықыры мен құстардың дауысы ғана естіледі.
Шалқар мен Имантауда мұз қатқанда балық аулауға рұқсат етіледі. Алабұға, табан, сазан мол. Балаларға да қызық – шұңқыр қазып, қармақ тастау.
Соңғы жылдары осы аймақта шағын экобазалар мен глэмпинг-орындар ашылып жатыр.
Егер сіз қыста Қазақстанда шынайы тыныштық, ақ қайыңдар мен мұзды көлдердің ертегісін, романтикалық немесе медитативтік демалысты іздесеңіз Көкшетау ұлттық паркінің Шалқар-Имантау-Айыртау бөлігі сізді күтеді.
Қыста Баянауыл ерекше тылсым бейнеге енеді. Павлодар облысының жүрегінде орналасқан Баянауыл қыста мүлдем басқа әлемге айналады. Мұнда биіктігі 1000 м-ге жетпейтін, бірақ ерекше пішінді гранитті таулар, қар жамылған қарағайлы ормандар мен мұзды көлдер керемет үйлесім табады. Бұл жерді қазақтар «Қазақстанның Швейцариясы» деп бекер айтпаған.
Қыста Баянауыл несімен ерекше?
Жасыбай батыр тауы, Найзатас, Ақбет, Кемпіртас қар басқанда нағыз ертегі мүсіндеріне айналады. Күн батқанда қызғылт-алтын түске боялады.
Жасыбай көлі, Қоңыр әулие үңгірі, Ботакөз шатқалы, Торайғыр көлі танымал. Қар жамылған тау жоталары мен орман массивтері бұл аймақты қысқы фототуризмнің сүйікті нүктесіне айналдырады.
Жасыбай – ең әдемі қысқы көл
Көл толық мұз болып қатады, айналасы ақ қар мен қарағайға толы. Ортасында кішкентай арал бар, қыста оған мұз үстінен жаяу өтуге болады.
Қоңыр әулие үңгірі
Қыста үңгірдің кіреберісі мұз перделермен жабылып, іші +5+8 °C болады. Рухани тазаруға келетіндер қыста да азаймайды.
Торайғыр және Сабындыкөл
Екі көл де мұз айдынына айналып, айналасы қарлы орманға толы, әдемі көрініс береді.
Қарағайлы орман мен көлдердің арқасында ауа ерекше емдік қасиетке ие.
Қыста Баянауылда не істей аласыз?
Орман ішінде 5-15 км-лік трассалар бар. Жергілікті турбазаларда шаңғы жалға береді.
Жасыбай көлінің мұзы қатқанда тегін коньки тебуге болады. Тау беткейлерінде түйнек сырғанақтары бар.
Қысқы Баянауыл – қазақ даласының жүрегіндегі кішкентай, бірақ сиқырлы әлем. Мұнда тау биік емес, бірақ сұлулығы көздің жауын алады.
Қыста тыныштық емес, керісінше адреналин, жылдамдық, тау шаңғысын қаласаңыз Алматыға келуден артық ештеңе жоқ. Бұл Қазақстандағы қысқы спорттың нағыз астанасы.
Неге қыста Алматыға бару керек?
Қаладан тауға 20-30 минутта жетуге болады. Таңертең кофе ішіп, түске таман Шымбұлақта шаңғы теуіп жүрсеңіз болады. Мұндай қолжетімділікті әлемдегі тау шаңғы курорттарының арасында сирек кездестіресіз.
Travel-журналист Жұлдыз Рахметтің айтуынша, қысқы туризмнің негізгі орталығы – Алматының таулы кластері.
Шымбұлақ – Орталық Азиядағы ең ірі әрі заманауи тау-шаңғы курорттарының бірі. Былтырғы жылдың өзінде мұнда қыс мезгілінде 2 миллионға жуық турист келген. Солардың ішінде шетелден, әсіресе Үндістан мен БАӘ-ден келетіндер көп. Оларға Шымбұлақтың тартымды болуының себептері өте қарапайым. Біріншіден, Альпіге баруға қарағанда әлдеқайда арзан, климат жылы, ал ең бастысы – бізде табиғи қар бар. Шаңғы тебуге өте қолайлы, – дейді маман.
Сала маманының сөзінше, мемлекет қазіргі таңда үш ірі туристік кластердің дамуына ден қойып отыр:
Қыста Алматыда не істей аласыз?
Алматының тау кластері шетелдік туристер үшін ең тартымды нүктелердің біріне айналып келеді. Экономикалық тұрғыдан да мемлекеттің тиімділік көзі – жағажай туризміне қарағанда тау-шаңғы бағыттарын дамыту. Себебі бұл сала жыл бойы жұмыс істеп, маусымдық тәуелділікке аз ұшырайды.
Риддер – қыста ерекше сұлулыққа бөленетін Алтай тауларының інжу-маржаны. Қалың шыршалы тайга, ақ қарға оранған тау бөктерлері мен әсем тыныштық бұл аймақты қысқы демалысқа тамаша мекенге айналдырады. Бұл жер – Қазақстандағы қысқы экотуризм мен экстремалды демалыстың нағыз інжу-маржаны.
Неге қыста Риддерге бару керек?
Риддердің айналасы – Батыс Алтай таулары. Қарашадан сәуірге дейін қар 1,5-3 метр жетеді. Шыршалар қардың астында ғана шыңы көрінеді – нағыз «сібір ертегісі» іспетті.
Мұнда телефон байланысы әрең ұстайды, интернет жоқ дерлік. Толық тыныштықты қалайтындарға келуге болады.
Алматы мен Бурабайдан айырмашылығы, мұнда қыста негізінен жергілікті тұрғындар мен шынайы тау сүйгіштер ғана келеді.
Батыс Алтай қорығына кіруге рұқсат алып, қарға батпайтын арнайы қар аяқ киім киіп, тайга ішінде жүруге болады.
Риддер маңында марал өсіретін шаруашылықтар бар. Қыста марал мүйізінен (пант) ванна қабылдау – денсаулыққа өте пайдалы.
Қазақстандағы ең ірі ұлттық парктердің бірі Катонқарағай қыста мүлде бөлек бір атмосфераға енеді.
Бұл – еліміздің шығыс шетіндегі 643 мың гектарлық алып ұлттық парк, қыста мүлде бөлек планетаға айналады.
Қыста Қатонқарағай несімен ерекше?
Қарашаның ортасынан мамырға дейін қар қалыңдығы 2-4 метрге жетеді. Кей жерлерде үйлердің терезесіне дейін қар көміледі.
Қазақстандағы ең биік нүкте – Белуха тауы (4506 м) осы парктің шекарасында. Қыста мұзды шыңдары күн сәулесінде алтын мен көк түске боялады.
Мұнда ағаштардың диаметрі 1-2 метрлік алыптар бар. Қысқы сарқырамалар мұзға айналып, табиғи мүсіндерге ұқсайды.
Жоңғар Алатауы – Қазақстанның жас әрі әлеуеті жоғары экотуристік бағыты.
Бұл – Алматы облысы мен Жетісу облысының шекарасындағы жас тау жүйесі. Биік тау жоталары, қарлы асулар, жабайы табиғат көріністерімен танымал.
Қыста Жоңғар Алатауы несімен ерекше?
Қаңтар-наурызда қар қалыңдығы 2-4 метрге жетеді. Жоңғар Алатауы – қыста Қазақстандағы ең әлеуетті әрі ең аз зерттелген қысқы аймақ.
2025-2030 жылдары мұнда әлемдік деңгейдегі фрирайд-споттар ашылады деп күтіліп жатыр. Мұнда аю, қасқыр, арқар, тіпті қар барысы кездеседі. Қыста олардың іздерін жиі көресіз. Соңғы жылдары қар барысының суреттері осы жерден түсіріліп жүр.
Бұл аймақ фрирайд әуесқойлары, қысқы жорық жасаушылар және табиғат зерттеушілері үшін қолайлы.
Айта кетейік, әсіресе қыз мезгілінде Үндістаннан келетін отбасылық туристер үшін Қазақстан қыс мезгіліндегі тартымды бағыттардың біріне айналып отыр. Agoda цифрлық туристік платформасының жаңартылған деректеріне сәйкес, биылғы қысқы маусымда қазақстандық бағыттарды іздеу көрсеткіші 68%-ға артқан. Бұл Үндістан азаматтарының еліміздің табиғатына, қысқы келбетіне және белсенді демалыс мүмкіндіктеріне деген қызығушылығы күшейіп келе жатқанын байқатады.
Agoda ұсынған ақпаратқа қарағанда, Үндістан халқының 2025 жылдың желтоқсанынан 2026 жылдың ақпанына дейін шетелге отбасымен саяхат жасауға деген сұранысы өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 30%-ға көбейген. Үнді туристері қыстың ерекше атмосферасы, табиғи көріністер және жаңа мәдени тәжірибе ұсына алатын бағыттарды жиі таңдауда.
Қазақстан да бұл рейтингтен шет қалған жоқ. Еліміздің тау ландшафттары, климаттық ерекшеліктері және табиғат аясында уақыт өткізуге арналған инфрақұрылымы үнді отбасыларының қызығушылығын арттыра түсті. Сонымен қатар, қысқы маусымда үнді саяхатшылары жиі баратын Азия елдерінің қатарында Оңтүстік Корея, Қытай, Тайвань және Жапония бар екені атап өтіледі.
Сондай-ақ соңғы жылдары Үндістаннан келетін қонақтардың саны айтарлықтай өскен. 2023 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 87%-ға артқан. Былтыр Қазақстанға Үндістаннан 146 мыңнан астам турист келген. Мұндай динамика екі ел арасындағы туристік байланыстың нығайып келе жатқанын дәлелдейді.