Қыста көше тазалаудың технологиялық кезеңдері жайлы мамандар айтып берді

28 Қаңтар, 13:17 805

Алматы қаласы Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасының дерегінше, қыс кезінде көшелер «Алматы қаласының аумағын абаттандыру қағидасында» (Алматы қаласы мәслихатының VI сессиясының 2007.12.12 №45 шешімі) бекітілген технологияға сәйкес тазартылады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Алматы қалалық әкімдігінің мәліметінше, бірінші кезеңде қар жауғанға дейін («Қазгидромет» РМК болжамынша) құм таратқыштар бекітілген орындарға шығарылады.

Қар жауа бастағаннан кейін 20-40 минут өткен соң жолға көктайғаққа қарсы материалдар (КҚМ)  себіледі, өйткені КҚМ сіңуі үшін жеткілікті қар қалыңдығы қажет. КҚМ 3 сағат ішінде себіледі.

Асфальтқа жабыспайтын жаңа жауған көбік қарды көліктер бағаны тырмалап, сыпырады.

Бір маршруттың ұзындығы 45-90 км, бір баған маршрутты 2-5 сағат ішінде жүріп өтеді. Қарбалас уақытта бағанның маршрутты жүріп өту уақыты 1,5 есеге ұзарады.

Көктайғаққа қарсы материалдар әрбір 5 см қар жауған сайын себіледі, содан кейін қар қайтадан күреледі. Бұл технология сақталмаса, жолдарда мұз пайда болады.

Көшелерді қардан тазартудың соңғы кезеңінде қарды үйіп, шығару, жол шетіндегі жиектастардың қары күреліп, мұздар үгітіліп, қар мен мұз кесектері жиналады.

Қарды күреу мен шығару ең әуелі үлкен магистральдық көшелерде және жаяу жүргіншілер мен көп көлік жүретін қалалық маңызы бар көшелерден басталады. Бұл көлік легіне, сәйкесінше жолдардың еніне, олардың инфрақұрылымдық маңыздылығына байланысты.

Сосын қоғамдық көлік аялдамалары, жаяу жүргіншілер өткелдері, жаяу жүргіншілер шоғырланған жерлер (ірі әмбебап дүкен, базар, театр, мектеп, емхана және т.б.), метрополитен бекеттері, ауруханалардың қабылдау бөліміне кіреберісі, жедел жәрдем станциялары мен басқа да әлеуметтік нысандардан қар шығарылады.

Кіреберістер, баспалдақтар, жаяу жүргіншілер жолдарынан, көше жолдары мен тротуарлардағы қар басымдығына қарай жиналады. Бұдан кейін контейнерлік алаңдарға кіреберістер, өткелдер мен автотұрақтар, балалар және спорт алаңдары тұр.

Арнайы техника мен жұмысшылардың жоғарыда аталған нысандарда жұмысты аяқтауына қарай аудандық маңызы бар көшелер мен аула маңында, сонымен қатар, қаланың әкімшілік ғимараттарының кіреберісіндегі қар шығарылады.

Жауған қардың көлеміне байланысты 3-5 тәулік ішінде қаланың негізгі көшелерінен қар шығарылады.

Жансая Әділбек
Бөлісу: