Қыс таяп келеді. Дөңгелек ауыстыру науқаны басталды, бағалар тағы да «жарысып» өсетіні анық.
Неліктен әр маусым сайын дәл осы жағдай қайталанады? Депутаттар не дейді? El.kz интернет порталының тілшісі мәжілісмендермен тілдесіп көрді.
Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза қыс мезгілінде көлік жүргізуге жүрексінетінін жасырмады.
Мен қыста көлік айдамаймын, қорқамын. Ал шиномонтаж бен техникалық байқау станцияларда бағаның көтерілуі – қалыпты құбылыс. Мысалы, Құрбан айтта қой қымбаттайды ғой, бұл да сондай қысқа ғана науқан. Бір айда бағаны көтеріп, табысын жасап алады да, одан кейін көктемді күтеді, – деді депутат.
Депутат Жарқынбек Амантай бағаның маусым сайын өсуін нарық заңдылығымен түсіндірді.
Қазір өзіміздің отандық шиналар шығарыла бастады. Бұл бағаға қатты әсер етпейді, бірақ нарық біртіндеп қалыптасып келеді. Жалпы, сұраныс артқан кезде баға да көтеріледі. Мысалы, жазда қысқы шинаның бағасы әлдеқайда арзан. Сондықтан қыстың қамын жазда ойлау керек, – дейді ол.
Өз көлігін әлі қысқа дайындап үлгермегенін де жасырмады:
Әлі ауыстырмадым, әне-міне деп жүрмін, – деп күлді депутат.
Ал депутат Елнұр Бейсембаев көлігінің қысқы жабдықтарын ертерек қамдағандардың қатарында.
Мен көліктің қыстық шинасын көлікті алғаш алған кезде-ақ алып қойғанмын. 4-5 жылға жарайды. Сол бұрынғысы әлі жаңа, – дейді ол.
Кейбір депутаттар үшін бұл тақырып мүлде өзекті емес болып шықты.
Менде көлік жоқ, айдамаймын, – деді депутат Айдос Сарым.
Баға неге қымбаттай береді?
Қыс маусымы жақындағанда шиномонтаж, техникалық қызмет көрсету және қосалқы бөлшектердің бағасы жыл сайын қымбаттайтыны жасырын емес. Сарапшылар мұны, бір жағынан, маусымдық сұраныспен, екінші жағынан, нарықтағы тапшылықпен байланыстырады.
Депутаттардың айтуынша, мәселенің шешімі қарапайым:
қысқа дайындықты ерте бастап, керек-жарақты жазда сатып алу керек.