Елімізде сәуірдің басында күн райы күрт жылыды. Бұл дегеніміз – қысқы киімдерді біржола жинап, гардеробты жаңартатын уақыт келді деген сөз. Алайда қымбат пальто, аяқ киім мен жылы киімдерді дұрыс сақтамаса, олар жарты жыл ішінде өзінің сапасын жоғалтып, жағымсыз иіс сіңіріп не зиянкестердің «олжасына» айналуы мүмкін. Сондықтан қысқы киімдерді ұзақ мерзімде ұқыпты етіп сақтау өте маңызды.
Қысқы киімдерді жинау – тек сақтау емес, сонымен қатар гардеробқа «тексеріс» жасауға жақсы мүмкіндік. Бір күнді арнайы бөліп, барлық киімді қарап шығу керек. Ұзақ уақыт кимеген, енді қажет болмайтын дүниелерді сақтаудың еш мәні жоқ – олар тек артық орын алады. Мұндай киімдерді екіге бөліңіз:
бірі – әлі де жарамды, оны мұқтаж жандарға беруге немесе қайта өңдеуге болады;
екіншісі – тозған, жарамсыз киімдер.
Сақтауға жіберілетін барлық киім міндетті түрде жуылып, тазалануы тиіс. Киімде қалған дақ, тер иісі немесе кір зиянкестерді тартады. Соның салдарынан келесі маусымға дейін жақсы көретін киіміңіз бүлініп қалуы мүмкін.
Киімдерді міндетті түрде жапсырмадағы нұсқаулыққа сай жуыңыз және толық кепкенше күтіңіз. Ылғал күйінде жиналған киім көгеріп, жағымсыз иіс шығарады.
Әр киімнің өзіне сай сақтау әдісі бар:
Созылғыш киімдер (мысалы, свитерлер) – тек бүктеліп, көлденең сақталуы керек;
Мыжылуға бейім киімдер – ілгіште тұрғаны дұрыс;
Күртеше мен пальто – арнайы қапқа салынып, ілгіште сақталуы тиіс;
Свитерлерді ауыр және жеңіл деп бөліп, ауырларын төменге, жеңілдерін үстіне қойған жөн;
Бас киім, шарф, қолғаптарды бір қорапқа жинаңыз;
Былғары бұйымдарды алдын ала қағазға орап қойған дұрыс;
Аяқ киімнің ішіне қағаз тығып, пішінін сақтап, кейін қорапқа немесе арнайы қапқа салыңыз.
Қысқы киімдерді сақтау үшін ең қолайлы орын – құрғақ, салқын әрі күн сәулесі тікелей түспейтін жер. Ылғал орта көгеруге әкелсе, күн сәулесі матаның түсін оңдырады. Ал температураның күрт өзгеруі киімнің құрылымына зиян келтіруі мүмкін.
Киім салынған шкафқа күйе немесе басқа зиянкестер түспеуі үшін табиғи құралдарды қолдануға болады. Мысалы, лаванда салынған қалташалар немесе балқарағай (кедр) кесінділері жәндіктерді үркітеді әрі киімге жағымды иіс береді.
Қысқы киімдерді дұрыс сақтау – тек ұқыптылық емес, үнемнің де бірден-бір жолы. Бір күн бөліп, бәрін жүйелеп қойғаныңыз келесі маусымда өзіңізге кәдімгідей жеңілдік сыйлайтынын ұмытпаңыз.