Бүгінде қазба отындарын шектен тыс пайдалану ауаға орасан көлемде ластаушы заттардың бөлінуіне әкеліп отыр. Соның салдарынан жиі кездесетін экологиялық мәселелердің бірі - қышқыл жаңбыр. Бұл құбылыс жауын-шашын құрамындағы күкірт және азот қышқылдарының жоғары болуымен сипатталады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Терминді ағылшын ғалымы Роберт Ангус Смит XIX ғасырда енгізгенімен, мәселе әлі күнге дейін өзекті болып тұр.
Көмірмен жұмыс істейтін электр станциялары, зауыттар, көлік түтіндері ауаға күкірт диоксиді мен азот тотығын бөледі. Осы газдар атмосферадағы су буымен қосылып, қышқыл түзеді. Кейін бұл заттар жаңбыр, қар, тұман немесе құрғақ шаң түрінде жерге қайта түседі. Жел оларды алыс аймақтарға да алып бара алады.
Қышқыл жаңбыр ең алдымен су айдындарына қауіп төндіреді. Су қышқылдығы артқан сайын балықтар мен басқа да су жануарлары тіршілік ете алмайды. Топырақтағы алюминий мөлшері көбейіп, су улы ортаға айналады.
Ормандар да қышқыл жауыннан қатты зардап шегеді. Топырақ құнарын жоғалтып, ағаштар қажетті минералдарды ала алмайды. Жапырақтары зақымданып, өсімдіктер ауруға, суыққа, зиянкестерге әлсіз болады. Кей аймақтарда қышқыл жаңбыр ағаштардың жойылуына дейін алып келген.
Сонымен қатар қышқыл шөгінділері ескі ғимараттар мен металл нысандарды тез бұзады. Қышқыл тұман адамдардың тынысын тарылтып, көзді тітіркендіреді, демікпе белгілерін күшейтеді.
Мамандардың айтуынша, ең басты шешімдердің бірі, ауаға шығарылатын ластаушы газдарды азайту. АҚШ-та қабылданған «Таза ауа туралы» заң жақсы нәтиже берген. Соңғы ондаған жылда күкірт диоксиді 92%-ға, азот тотығы 55%-ға төмендеген. Соның арқасында кей ормандар мен көлдер қайта қалпына келе бастады.
Қытай да соңғы жылдары шығарындыларды азайту бағытында табысты қадамдар жасап, күкірт диоксидін 75%-ға төмендетті. Ал керісінше, діл осы қышқыл жаңбырдан үлкензардап шегіп отырған елдердің бірі - Үндістан болып отыр.
Қышқыл жаңбыр көзге көрінбейтін, бірақ әсері өте үлкен экологиялық қатер. Оның алдын алу үшін мемлекеттер көмірді аз пайдаланып, экологиялық стандарттарды күшейтуі қажет. Ал әрбір азамат ауа сапасына әсер ететін факторларға бейжай қарамауы тиіс.