Қырғызстандық такси жүргізушісі Астана тұрғынын ұрып-соғып, тонап кеткен

9 Маусым 2023, 22:54 825

Елордада мас жолаушыны ұрып-соғып, тонап кеткен қырғызстандық такси жүргізушісі анықталды. Бұл туралы Polisia.kz сайтына сілтеме жасай отырып El.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.

ҚР ІІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, 33 жастағы ер адам Алматы ауданының полиция бөліміне оны такси жүргізушісі тонап кеткендігін хабарлаған. Жолаушы масаң күйде қалада жүру үшін жеке тасымалдаушыны жалдаған. Жолда келе жатып, такси салонында ол жүргізушімен жанжалдасып, оны қорлай бастаған. Шарбақты көшесінің бойындағы жол жиегіне тоқтаған такси жүргізушісі жолаушыны көліктен сүйреп шығарып, оны ұрып-соғып, 100 мың теңгеден астам ақшасын тартып алған.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері такси жүргізушісінің орналасқан жерін анықтады. Ол Қырғызстанның 37 жастағы азаматы болып шықты. Құжаттарды тексеру кезінде шетелдіктің көлік құралын басқаруға құқығы жоқ екендігі анықталды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, - дейді полиция өкілдері.

Қырғызстан азаматы жасаған әрекетін мойындап, ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта оның бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.

Астана қаласының полиция департаменті азаматтарға қырағы болуды ескертеді. Қоғамдық орындарда болған кезде қымбат заттар мен үлкен сомадағы ақшаны көрсетпеуге тырысыңыз. Егер сізге қатысты заңсыз әрекеттер жасалса, дереу полицияға хабарлау қажет, - делінген мәліметте.

EL.KZ
Бөлісу: