Жогорку Кенеш отырысында депутат Дастан Бекешев есірткіге деген көзқарасты өзгерту қажеттігін мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі 24.kg-ке сілтеме жасап.
Оның айтуынша, адам табиғаты әлсіз болғандықтан алкоголь мен есірткіге деген тәуелділіктен арыла алмайды.
Бірақ кішігірім және үлкен зиянды ажырата білу керек. Мысалы, синтетикалық есірткі – бұл үлкен зиян. Мүмкін, біз кәмелетке толған азаматтарға жеңіл есірткі түрлерін қолдануға рұқсат етуіміз керек шығар? – деп ұсыныс жасады депутат.
Оның айтуынша, табиғи есірткілерді, атап айтқанда, қарасораны құқық қорғау органдары жойып жатқандықтан, олардың бағасы қымбаттаған. Сол себепті жастар арзан синтетикалық есірткілерді сатып алып жатыр.
Дастан Бекешев бұл мәселені алғаш рет көтеріп отырған жоқ. 2019 жылы ол «Манас» бұрынғы әскери базасында еркін ойын-сауық аймағын құрып, сол жерде жеңіл есірткіні сату мен қолдануды заңдастыруды ұсынған болатын.
Мұндай ұсынысты Ұлттық банк басшысы қызметін атқарған кезде Толқынбек Абдығұлов та жасаған. Ол туризмді дамыту үшін марихуананы сатуға рұқсат беру қажет екенін айтқан.