Қырғызстанда Түркі мемлекеттер ұйымына мүше елдердің Бас прокурорлары кездесті

25 Шілде, 21:10 390

Қазақстанның Бас Прокуроры Берік Асылов Бішкек қаласында Түркі мемлекеттер ұйымының Бас прокурорлар кеңесінің 3-ші отырысына қатысты, деп хабарлайды ведомство баспасөз қызметіне сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі.

Аталған шарада елдің жоғары қадағалау органының басшысы Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстаннан келген әріптестерімен кездесті.

Отырыс барысында қазіргі жаһандық сын-қатерлер мен қауіптерге тиімді ден қою үшін ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелері талқыланды. Сондай-ақ терроризмге, экстремизмге, сепаратизмге, есірткі трафигіне, трансұлттық қылмысқа, адам саудасы және заңсыз миграцияға қарсы іс-қимыл мәселелері қаралды. 

Өз кезегінде Берік Асылов жалпы жұмыстың тиімділігін арттыруға бағытталған нақты шаралар қабылдауды, сондай-ақ өзара сенімді нығайту, бейбітшілікті, тұрақтылық пен қауіпсіздікті қолдау мақсатында ТМҰ мүше мемлекеттерінің Бас прокурорлары хатшылығының әлеуетін ескере отырып, оның қызметін жандандыруды ұсынды. Сонымен қатар аталған халықаралық ұйым аясында Түркияның Бас прокурорымен екіжақты кездесу өтіп, онда қылмыспен күрес және іздеуде жүргендерді экстрадициялау саласындағы екіжақты ынтымақтастық бойынша туындаған мәселелер талқыланды. Сондай-ақ алдағы уақыттағы өзара іс-қимыл бойынша бірлескен қадамдар айқындалды. 

Іс шара соңында Түркі мемлекеттер ұйымының Бас прокурорлары қылмысқа қарсы іс-қимылдың басым міндеттерін қамтитын және прокурорлық қызметтің әр түрлі бағыттары бойынша тәжірибе алмасуды жалғастыру саласындағы декларацияға қол қойды. 

Перизат Саденова
Бөлісу: