27.10.2025
08:33
445
Қырғызстан KGST мемлекеттік криптовалютасын таныстырды

Қырғызстан KGST мемлекеттік криптовалютасын таныстырды

Қырғызстан өз ұлттық криптовалюта стратегиясын жүзеге асыру жоспарын жариялап, KGST мемлекеттік стейблкоины пен Орталық банктың цифрлық валютасын (ЦВЦБ) мемлекеттік секторда енгізуді қолға алды.

Бұл туралы Binance криптобиржасының негізін қалаушы әрі бұрынғы бас директоры Чанпэн Чжао (CZ) X парақшасында мәлім етті, деп жазады El.kz интернет порталы.

Жоспар бойынша KGST ұлттық валюта – қырғыз сомына 1:1 қатынаста қамтамасыз етіледі. Бұл актив Қырғызстанның цифрлық активтердің мемлекеттік тізіліміне тіркелген. Ол USDKG стейблконынан ерекшеленеді. USDKG АҚШ долларымен қамтылып, Қырғызстан Қаржы министрлігінің 500 миллион долларлық алтын қорымен қамтамасыз етілген. Бұл жоба үшінші тоқсанда іске қосылмақ.

Сонымен қатар, Орталық банктің цифрлық валютасы – «цифрлық сом» ресми түрде заңды мәртебе алды. Жақын арада ол мемлекеттік төлемдерде сынақ ретінде қолданылмақ.

CoinDesk басылымының жазуынша, бұл бастама Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың биыл сәуір айында елдің конституциялық заңнамасына енгізген өзгерістерінен кейін жүзеге асып отыр. Сол түзетулер толық іске қосылғаннан кейін цифрлық сомды заңды төлем құралы ретінде мойындауға мүмкіндік береді.

Цифрлық активтерді енгізумен қатар, Қырғызстан кең көлемді криптоинфрақұрылымды дамытуға да ден қойды. Елде BNB токенін қамтитын ұлттық криптовалюта резерві құрылған, құқық қорғау органдары қызметкерлеріне арнайы оқыту бағдарламалары ұйымдастырылған. Сондай-ақ Binance Academy мен Қырғызстанның он жоғары оқу орны арасында серіктестік орнатылды.