Астана халықаралық университетінде Қазақстан Республикасының төрт негізгі кодексіне — Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу, Қылмыстық-атқару және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстерге 10 жыл толуына орай халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Конференцияның басты мақсаты – соңғы он жылда аталған кодекстердің қолданылу тәжірибесін талдау, заңнамалық жетістіктер мен проблемаларды анықтау және болашаққа арналған нақты ұсыныстар қалыптастыру болды.
Шараға Қазақстанның Конституциялық сотының, Парламентінің, Әділет министрлігінің, Бас прокуратурасының және басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері, сонымен қатар Ресей Федерациясынан келген құқықтанушы ғалымдар қатысты.
Конференцияда көтерілген негізгі мәселелер – құқық қорғау қызметінің тиімділігі, қылмыстық-атқару жүйесін жаңғырту, Қазақстан заңнамасының халықаралық стандарттарға сәйкестігі, әкімшілік жауапкершіліктің жаңа талаптары, заң ғылымы мен тәжірибенің өзара ықпалдастығы.
Конференция барысында заң ғылымдарының докторы, профессор Исидор Борчашвили екі жаңа ғылыми еңбегін «Әрекеттің қылмыстылығын жоққа шығаратын мән-жайлар», «Отбасына және кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар: құқық, теория және практика» таныстырды.
Бұл еңбектер қылмыстық құқық теориясын терең талдап, практикалық маңыздылығымен ерекшеленді.
Ресейлік заңгерлер өз елдеріндегі құқықтық реформалар тәжірибесімен бөлісіп, Қазақстанмен салыстырмалы талдау жүргізді. Екі ел арасындағы құқықтық даму бағыттарының ұқсастықтары мен ерекшеліктері сарапқа салынды.
Астана халықаралық университеті құқық жоғары мектебінің деканы Нұрбек Исабайдың айтуынша, еліміздің қылмыстық кодексіне, қылмыстық іс жүргізу кодексіне, қылмыстық-атқару кодексіне және әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске 10 жыл толуына орай ұйымдастырылған конференция тек естелік сипаттағы шара емес – бұл нақты ұсыныстарды қалыптастыруға бағытталған ғылыми алаң.
Бүгін біз Қазақстан Республикасының төрт негізгі кодексінің – қылмыстық, қылмыстық іс жүргізу, қылмыстық-атқару және әкімшілік кодекстерінің қабылданғанына он жыл толуына орай бас қосып отырмыз. Конференцияның басты мақсаты – осы кезең ішінде заңдардың қолданылуы барысындағы түйткілдерді сараптау, құқық қолдану тәжірибесін ғылыми тұрғыдан талдау және нақты ұсыныстар дайындау, – деді Нұрбек Исабай.
Сондай-ақ ол заңдарға енгізілетін болашақ өзгерістер мен толықтырулар тек құқықтық қажеттілікке емес, сонымен қатар терең криминологиялық және ғылыми зерттеулерге сүйенуі тиіс екенін айтты.
Біз тек заңдарды жетілдіруді емес, сонымен қатар оны ғылыми тұрғыдан негіздеуді көздеп отырмыз. Бұл – сапалы құқықтық реформалардың басты шарты, – деді ол.
Декан өз сөзінде конференция қорытындысында дайындалатын нақты ұсыныстар алдағы уақытта Парламентке, мемлекеттік органдарға және құқық қорғау құрылымдарына жолданатынын тілге тиек етті.