Қылмыстық топ қазақстандықтардың есепшотынан 65 млн теңгеден астам қаржы ұрлаған

2 Тамыз 2023, 14:32 937

Шымкентте қазақстандықтардың есепшотынан 65 млн теңгеден астам қаражат жымқырған киберқылмыстық топ сотталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.  

Polisia.kz мәліметінше, тергеу амалдары интернет алаяқтардың құрбаны болған қала тұрғынының арызынан басталды. Банктің жалған қызметкерлеріне сенген азамат 4 млн теңгесінен айырылған.

«Банкирлер» белгісіз нөмірден қоңырау шалып, оның қаржысына қол сұғу ықтималдығы туралы хабарлап, ақшасын сақтап қалу үшін телефон арқылы бірнеше онлайн операцияларды орындауын сұрады. Осылайша, қала тұрғыны екі несие рәсімдеп, оларды «қауіпсіз» шоттарға аударған. Тергеушілер аталған жайтты ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеді. Іздестіру шараларына қалалық полиция департаментінің киберқылмыспен күрес жөніндегі арнайы тобы жұмылдырылды. Атқарылған бірқатар жедел жұмыстар күдіктілердің ізіне түсуге мүмкіндік берді, - делінген мәліметте.

Қылмысты бүкіл ел бойынша әрекет еткен алаяқ топ жасағаны белгілі болды.

Шымкенттік 6 тұрғын жарты жылда 27 қазақстандықтың 65 млн теңгеден астам қаражатын қолды еткен. Зардап шеккендердің арасында Астана, Алматы, Петропавл, Көкшетау, Орал, Қарағанды ​​және басқа да аймақтардың тұрғындары бар.

Полицейлер қылмыстық топтың 4 мүшесін мегаполис пен Түркістан облысының аумағында ұстаса, қалған екеуі халықаралық іздеу нәтижесінде Ресейден табылды.

Сот үкімімен алаяқтар үш жылдан төрт жылға дейін бас бостандығынан айырылды.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: