Қылмыстың басым көпшілігі мас күйінде жасалады – Дания Еспаева

5 Ақпан, 16:50 1005

Бүгін Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінде әйелдер құқықтары мен балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы заң жобасының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Отырыста ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Дания Еспаева 2021 жылы Астанада 796 әйел адам өлтіру және денсаулыққа ауыр зиян келтіру, сексуалдық қылмыстардың құрбаны болғанын атап өтті.

2022 жылы 1 мың әйел, ал 2023 жылғы 9 ай ішінде 865 әйел осындай қылмысқа ұшыраған. Қылмыстардың басым көпшілігі отбасылық тұрмыстық жанжалдардың негізінде мас күйінде жасалады. Тек заңнамалық шаралар жеткіліксіз. Бүкіл қоғамның осы мәселеге деген көзқарасын жан-жақты қайта бағалау қажет. Біз зорлық-зомбылықтың салдарымен ғана күреспей, оның пайда болуының алдын алуымыз керек. Өскелең ұрпақ үшін мектеп қабырғасынан бастап дұрыс құндылықтарды енгізу, халық арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру керек. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың кез келген көрінісіне төзбеуіміз қажет. Осыған байланысты нақты ұсыныстар айтылады деп ойлаймын, – деді Дания Еспаева.

Айта кетейік, отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне  әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобаларының таныстырылым өтті.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: