Белгілі әнші, «Ұлытау» тобының негізін қалаушы Қыдырәлі Болманов өзінің өнер жолында кезіккен қиындықтар мен жетістіктері жайлы әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Әншінің айтуынша, 1991 жылы Тәуелсіздікпен тұспа-тұс өткен «Азия дауысы» байқауында домбырамен сахнаға шығу ниеті бастапқыда қолдау таппаған.
«Домбыра – ұлттық құндылық, ал сен эстрадаға шықпақсың» деп қарсылық білдіргендер көп болды. Бірақ мен райымнан қайтпай, термені де, күйді де эстрадамен ұштастырып, түрлі әдістерді қолданып, ақыры жетістікке жеттім. Бүгінде қазақ шоу-бизнесі 100 пайыз қазақ тілінде. Домбыра күні белгіленді, Ұлытау облысы құрылды – мұның бәрі үлкен жетістік, – дейді ол.
Болманов биылғы бір жетістікті ерекше атап өтті: оның «Қарақат» мектеп-студиясының шәкірті Мирас халықаралық «Славян базары» байқауында Ақтамбердінің термесін орындап, бас жүлдеге ие болған. Сондай-ақ қазақ тілінде дәстүрлі өнерді шебер жеткізгені үшін арнайы сыйлықпен марапатталған.
13 жастағы Мирастың бұл жеңісі - мен үшін де үлкен жетістік, - деп түйіндеді Қыдырәлі Болманов.