Құзырлы органдар педофильдермен сыбайласып алған – Айгүл Орынбек

2 Тамыз 2023, 18:28 10105

Заңгер Айгүл Орынбек – әйелдерге, балаларға қатысты зорлық-зомбылық туралы ашық айтып жүрген саусақпен санарлық заңгерлердің бірі. Оның сөзінше, құқық қорғау қызметкерлері көбіне істі ашпай, жауып тастайды. Әділдікке жету қиын. Тіпті, істің ақиқатына жетуге тырысқан заңгермен күресіп кетеді. Ол El.kz тілшісіне берген сұхбатында құқығы тапталған әйелдің проблемасын көтергені үшін қысым мен қудалауға да ұшырағанын айтты.

Сарығашта педофильдің бес жасар қызды өлтіруі қоғамды дүр сілкіндірді. Сіз үнемі «зорлық-зомбылық ашық айтылса, қылмыс азаяды» дегенді айтасыз. Қазір әлеуметтік желіде де, бұқаралық ақпарат құралдарында да бұл мәселе көп талқыланады. Бірақ қылмыстың азайғаны байқалмайды. Неге?

Себебі, қоғамда зорлық-зомбылық әлі де ашық айтылып жатқан жоқ. Әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық қылмыстарымен айналысып жүрген заңгерлер саусақпен санарлық. Сол заңгерлердің өзі құзырлы орган тарапынан қысым мен қудалауға ұшырайды. Құқық қорғау органдары қылмысты ашудың орнына, оны көтеріп жүрген заңгерлермен күресіп кетеді. Заң саласында қаншама жылдық тәжірибем бар заңгер, қоғам алдында ашық пікір айтып жүрген қоғам белсенді болсам да маған қысым жасайтындар аз емес. Маған солай жасағанда, басқаларға не істемейді?! Сондықтан да көп заңгер бәрін ашық айтқысы келмейді.

Зорлық-зомбылыққа ұшырағандар мәселесін ең алдымен әлеуметтік желіге жариялайды. Өйткені табанынан тозып, құзырлы органға шағымданғаннан пайда жоқ екенін біледі.

Өкінішке қарай, біздің елде заңға сәйкес жазылған арыз-шағымдардың дұрыс сараланбай, бұрмаланып жататыны бар. Жауапты мемлекеттік органдар немқұрайлы қарайды, сыбайлас жемқорлық фактілері болады. Осылайша шағымға дұрыс жауап бермейді. Берілген күннің өзінде мардымсыз. Оған қанағаттанбай, жоғары органға арыз жазсаң, істі қарауды сол шағымданған мекемеге қайта қарауға тапсырады. Бұл деген барып тұрған басыну, адамды мазақ ету ғой. Зорлық көріп, алдына араша сұрап барған әйелдер мен балаларды көздеріне де ілмейді. Іс насырға шауып бара жатса істі жаба салады. Құзырлы органдар қылмыс жасаған педофильмен сыбайласып, жеңіл жаза тағайындайды, босатып жібереді. Осындай әділетсіздіктер болып жатқанда, кім әділдікке сеніп, шағымданады. Көп жағдайда жауапты мекемелер істі тек қоғамдық резонанс туғаннан кейін ғана қарайды.

Ресми статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 400 әйел зорлық-зомбылықтан көз жұмады екен.  Бірақ сіз «зорлық-зомбылық туралы статистикалық ақпараттарға сенбеймін» деген екенсіз. Шынайы статистика бұдан да қорқынышты ма?

Қазір жасөспірім қыздарға қатысты адам саудасы, зорлау қылмыстарының артында кім тұрғаны ашық айтыла бастады. Бірақ әлі де аз. Өйткені заңсыз жабылып кеткен істердің көп екенін осы қылмыс санатының басы-қасында жүрген заңгерлер, қоғам белсенділері біледі. Ендеше, ол статистикаға қалай сенуге болады? Жауапты құзырлы органдар біздің еліміздің зорлық-зомбылық бойынша әлемдік статистикадан төмен орын алуы үшін барын салады. Нағыз ақиқат ресми статистика мен көзбояшылық есептерден көрінбейді.

Енді не істеу керек?

Өз тәжірбиеме сүйеніп, айтар болсам, ер-азаматтарға басымдық беріліп, олардың заңсыздықтары қолдау тауып кететін жайттарға куә болып жүрмін. Істі ашатын, дәлелдерді жинақтайтын – ер тергеушілер. Ал олар әйелдердің денсаулығы, көріп жүрген қысымдары, зорлық-зомбылықтарын түсінбейді. Бәрі де ескерілмей, олардың құқықтары аяқ астына тапталып жатыр. Сондықтан да әйелдер әділдікке жете алмайды. Полицияға барып, шағымданған күннің өзінде істің ашыла қоюы, дәлелдеу қиын болған соң, олар бұғып жүре береді.  Күн сайын зорлық көріп, соны дәлелдей алмай, мүшкіл халге түскен әйелдерді көргенде, менің  жаным ауырады. Шынын айтқанда, «заң әлсіз бе, не істейміз» деп айта беруге болады. Бірақ мәселе заңда емес. Сол заңды қатаң сақтауда. Құқық қорғау қызметкерлерінің заңды белден басуында. Әйелдің көрген бейнетін әйел ғана түсінеді. Сондықтан зорлық-зомбылық істерін әйел тергеушілер жүргізуі керек.

– Көп жағдайда кішкентай қыздар өкіл әкелерінен зорлық көреді екен. Осыдан кейін кішкентай қызы бар келіншектер екінші мәрте тұрмысқа шықпағаны дұрыс деген де пікір айтылады.

Бұл ақпаратпен келісуге де болатын шығар. Себебі зорлық-зомбылық жасайтын ерлер жазадан оп-оңай құтылатындықтан қылмысқа қорықпай барады. Бар мәселе – елімізде балаларды зорлаған істерде кінәлілердің жазаланбай, құтылып кетуінде болып тұр. Егер осы заң жұмыс істесе, ол өгей әке болсын, көшедегі педофиль болсын жасаған әрекетінің соңын ойлап, мұндай ауыр қылмысқа бармас еді. Ал бізде зорлыққа ұшыраған жасөспірім қыз анасына айтады немесе өмірден түңіліп, өзіне қол жұмсайды. Әйтеуір «зорланғаны» белгілі болады. Қыздың анасы шағымданып полицияға барса, олар прокуратурамен қосылып істі созбаққа салады. Осылай қылмыс жасаған ер адамдар жауапкершілікке тартылмайды. Қылмысты дәлелдеу үшін ең қажетті болған медициналық экспертизаның қағазын алудың өзі мұң. Іс сот-медициналық сараптамаға жеткенде, эксперттер «зорлық жасалмаған» деп жалған қорытынды бере салады. Бұдан кейін бостандықта еркін жүрген педофильден ешкім күмәнданбайды. Негізі бар кінәні  екінші рет тұрмыс құрып, бақытты болғысы келген әйелден емес, жүйені «шірітіп» жатқан құзырлы орнандардан және еш қорықпай жалған «қорытынды» беріп отырған эксперттерден көру керек.

 

Отарбаева Бақытжан
Бөлісу: