Құзырлы органдар неге әрекетсіз отыр? Депутат бас прокурорға сауал жолдады

10 Мамыр 2023, 12:07 1155

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Елнұр Бейсенбаев бас прокурор мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне интернет алаяқтарға қатысты қылмыс жыл сайын артып келе жатқанын айтып, депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Депутаттың айтуынша, қаншама өзгеріс енгізілгенімен, интернетті қолданумен жасалатын кибералаяқтық пен телефон арқылы қылмыстың түрлері жыл санап өсіп келеді.

Соңғы 5 жылда аталған қылмыс түрі бес есе өскен. 2018 жылы 4 287 факт анықталса, 2022 жылдың қорытындысы бойынша осындай 20 444 қылмыс тіркеліпті. Ал биылғы жылдың алғашқы тоқсанының өзінде-ақ 4 687 интернет-алаяқтық қылмысы жасалған. Құқық қорғау органдары соның небәрі 23%-ның  бетін ашыпты. Соңғы 3 жылда келтірілген шығын 35 миллиард теңгеден асып жығылды, – деді Бейсенбаев.

Сондай-ақ депутат халық арасында қазір онлайн несие алуға сұраныс күрт артқан. Қарапайым адамдар микроқаржы ұйымдарынан жетіскеннен қарыз алмайтынын айтты.

Бүгінде елімізде 239 микроқаржы ұйымы бар. Банктен несие рәсімдей алмаған аңқау халықты делдал-алаяқтар құрыққа оңай түсіріп, осындай ұйымдарға алып келеді. Тығырыққа тірелген адамның мойнына жүздеген пайыздық несие рәсімделеді. Еліміздің заңнамасына сәйкес, кез келген ұтыс ойындары лотерея операторымен келісіліп жүргізілуі керек. Басқасының бәрі заңсыз. Осыны біле тұра құзырлы органдар неге әрекетсіз отыр? – деді Елнұр Бейсенбаев. 

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: