Шығыс Қазақстан облысының құтқарушылары тауға дайындықсыз бару қаншалықты қауіпті екенін түсіндірді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Жыл сайын өңірде тауларда туристер төтенше жағдайларға тап болады. Биыл жыл басынан бастап құтқарушылар таулы жерлерде азаматтарды құтқару бойынша үш авариялық-құтқару операциясын жүргізді. Олар: Катонқарағай ауданында - 2 және Риддер қаласы аумағында - 1.
Құтқарушылар атап өткендей, тәжірибелі саяхатшылар да адасып, төтенше жағдайға тап болуы мүмкін. Бағдарды жоғалту қаупі қараңғы түскен кезде кешкі уақытта артады. Бір адам да, бір топ адам да адасып кетуі мүмкін. Осыған орай құтқарушылар бірінші кезекте дүрбелең салмауға кеңес береді.
Жан күйзелісі кезінде әрекеттер күтпеген салдарға әкелуі мүмкін. Мысалы, сіз кездейсоқ таудан құлап, жарақат алуыңыз мүмкін. Сабырлықты сақтай отырып, туыстарыңызға және құтқару қызметінің 112 нөміріне хабарласып, қажетті ақпаратты беруге тырысыңыз. Егер ұялы байланыс болмаса, сіз өз күшіңізге үміттенуіңіз керек. Ашық жерге жайғасып, құтқарушыларға белгі беріңіз. Қараңғыда от жағып, күндіз жарқын түсті киімдерді мүмкіндігінше жоғары іліп қойыңыз,-деп кеңес береді ШҚО ТЖД Жедел-құтқару жасағының бас құтқарушысы Ерік Бұлғұмбаев.
Саяхатшының міндеті-тәуекелдерді барынша азайту. Ең алдымен, маршрутты пысықтауға және дайындауға назар аудару ажет. Қар көшкіні және сел қаупі бар учаскелердің картасымен, ауа райы болжамымен танысу керек. Тауға шығу және болжамды оралу уақыты туралы 112 қызметіне хабарлау қажет.
Қалай киіну керек?
Ыңғайлы берік және су өткізбейтін аяқ киім туралы ұмытпауымыз қажет. Каска немесе бас киім, жылы киімдер, термиялық іш киімдер болуы керек. Күннен қорғайтын көзілдірікті өзіңізбен бірге алып шығуды ұмытпаңыз.
Рюкзакқа не салу керек?
Зарядталған телефон және power bank құрылғысы пайдалы болады. Фонарь, алғашқы медициналық көмек қобдишасы, жеке дәрі-дәрмектер, азық-түлік қоры, термос.
Тауға жалғыз бару ұсынылмайды.