Құтқарушылар бір тәулік ішінде Ауғанстанда 76 учаскедегі үйіндіні бөлшектеді

12 Қазан 2023, 08:26 722

Қазақстанның құтқарушылары Герат провинциясындағы қиратушы жер сілкінісінен кейін үйінділерді бөлшектеу жұмыстарын жалғастыруда. Іздестіру-құтқару жұмыстары Наиброфи елді мекенінде жүргізілуде, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Алғашқы тәулік ішінде 76 учаскедегі үйіндіні бөлшектеді. Бұл қираған үйлердің фрагменттері.

Сонымен қатар, Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері мен фельдшерлері 39 жергілікті тұрғынға, оның ішінде 5 балаға медициналық көмек көрсетті. Тұрғындар негізінен жарақаттармен, күрделі стресс  реакциясымен жүгінді, тіпті суық тиіп сырқаттанған адамдарға да көмек көрсетілді.

Бүгін таңғы сағат 06.32-де Герат қаласының маңында күшті афтершок тіркелді. Чолктула елді мекенінде зардап шеккендердің болуы мүмкін екені туралы ақпарат түсті, сол жерге  29 қазақстандық құтқарушы жіберілді.  Олар өздеріне бөлінген учаскедегі үйінділерді бөлшектеу жұмыстарын жүргізді, зардап шеккендер табылған жоқ. 10 тұрғынға медициналық көмек көрсетілді. Жұмыс аяқталғаннан кейін күштер мен құралдар зардап шеккен адамдарды іздеуді жалғастыру үшін Наиброфи елді мекеніне оралды.

Естеріңізге сала кетейік, 10 қазанда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 45 адамнан құрылған Қазақстан ТЖМ күштер мен құралдар тобын Ауғанстанға жойқын жер сілкінісінің салдарын жоюға көмек көрсету үшін жіберілді.

Перизат Саденова
Бөлісу: