Құтқарушы күні қарсаңында ҚР ТЖМ баспасөз турын ұйымдастырды

18 Қазан, 19:28 329

ҚР Құтқарушылар күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрілігі тарапынан баспасөз туры ұйымдастырылды. Бұл туралы El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі хабарлайды.

Іс шара барысында күрделі жөндеуден өткен № 4 өрт сөндіру бөлімі мен № 23 жаңа заманауи өрт сөндіру бөлімінің жұмысы таныстырылды. Экскурсия барысында құтқару техникалары мен жабдықтары, жаңартылған ТЖМ-нің орынжайлары көрсетілді. Сондай-ақ азаматтық қорғау органдарындағы цифрландыру және төтенше жағдайға  ден қою мәселелері   бойынша брифинг ұйымдастырылды.

Айта кету керек, кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев №23 бөліміне барып, бөлім жұмысымен танысқан болатын.

Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Динара Нұрғалиева «Бізде ТЖМ 2.0 кейсі бар. Бұл - біздің жаңа философия» деп отыр.

Материалды-техникалық жабдықтауды жақсарту - басты мақсат. Біз үшін сапа – маңызды. Ауыл-аймақтардың лайықты деңгейде жабдықталмағанын байқауға болады. Бүгінде мемлекеттік бюджет есебінен ауыл тұрғындарына арнап жаңа өрт сөндіруші көліктер сатып алынып, құтқарушыларға арналған киім-кешектер жаңартылды. Сондай-ақ, биыл өрт сөндіру қызметкерлеріне арнап пәтерлер берілді. Мәселен, астаналық горнизонның 1700 қызметкеріне пәтер кілті табысталды. Бұл үрдісті келесі жылы да жалғастырмақ ойдамыз. Мәселен, Көкшетауда өрт сөндірушілерге арналған жаңа тұрғын үй кешені қолданысқа берілді. Оңтүстік өңірдің қызметкерлеріне арнап тұрғын үй кешендері бой көтеруде,-деп түсіндірді ведоство өкілі.

Соңғы жартыжылдықта су тасқыны салдарын жою мақсатында қайта құрылымдаудың белсенді фазасы басталды. Арнайы баспасөз орталығы ашылды. Бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс орнататын арнайы имидждік жұмыс департаменті құрылды. Бүгінде департаменттің 4 қызметкері бар.

Астана қаласы №4 өрт сөндіру бөлімінің бастығы Қуаныш Тоқсарин сөз сөйлеп, қайта жөндеуден өткен бөлімнің таныстырылымын жасады.

Фото: Артем ЧУРСИНОВ

Жөндеу жұмыстары 4 айға созылды. Мемлекеттік сатып алу есебінен шамамен 20 млн теңге бөлінді. Ғимараттың 3 қабаты да жөндеу жұмыстарынан өтті. Бүгінде бұл бөлімде 87 адам жұмыс істейді. Бір ауысымда 12 адам болады. Бізде 20 бөлмелі жатақхана мен 7 пәтер бар. Кір жууға арналған бөлмемен де жабдықталған. Балалардың ойын алаңы да салынған. Бұл жатақханада Төтенше жағдайлар министрлігі мен Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері тұрады. Барлығы бір отбасыдай тату-тәтті өмір сүруде. Бұл аймақ 2 гектар жерді алып жатыр. Шығынның көп бөлігі осы жердің күтіміне жұмсалады, - деп нақтылады өрт сөндіру бөлімінің басшысы.  

№4 өрт сөндіру бөліміне жасалған экскурсиядан соң, №23 өрт сөндіру бөліміне бардық. Бөлімде Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев күтіп алып, таныстырылым жасады.

Фото: Артем ЧУРСИНОВ

Кеше Мемлекет басшысы өрт сөндіру бөліміне келіп, барлығын өз көзімен көріп кетті. Бүгінде Президент тапсырмасымен қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді. Өрт сөндірушілер мен құтқарушыларға әлеуметтік көмек көрсетіледі. Бұл бөлімді 3 айдың ішінде тұрғызып берді. Жоба - жаңа. 2 жыл асықпай ғимарат тұрғызуға уақыт жоқ. Қазақстан азаматтарының саны күн санап өсуде, - деп бастады ТЖ вице-министрі.

Айта кету керек, бөлім Алматы ауданының тұрғындарына қызмет көрсетеді.  Ауданның 94 мың тұрғыны бар. Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету аумағына «Оңтүстік-Шығыс» тұрғын алабы, Бейбітшілік және келісім сарайы, Тәуелсіздік сарайы, Әзірет Сұлтан мешіті және «Нұрлы жол» вокзалы сияқты маңызды нысандар кіреді. Өрт сөндірушілер жұмысын бастаған екі айда 200-ге жуық дабылға жедел шығып үлгерген.

Қазір жылу беру маусымы басталды, өрт туындау қаупі жоғары. Өрт сөндіру бөлімі 6 көлікке арнап салынған. 50 адам жұмыс жасайды. Барлық бөлме ыңғайлы өмір сүру үшін толықтай жабдықталған. Өздерінің асханалары, жуынатын, демалатын орынжайлары бар, - деді Кеген Тұрсынбаев.

Фото: Артем ЧУРСИНОВ

Баспасөз туры барысында көпфункионалды көліктің көрсетілімі болды. Бұл көлік өрт сөндіруге ғана емес, төтенше жағдайлардың әр түріне қатысты оқиғаларға тап болған азаматтарға көмек беруге арналған.

Фото: Артем ЧУРСИНОВ

Шара барысында өрт сөндірушілерге арналған жаңа қызметтік киім-кешек сатып алынғаны да айтылды. Аяқтарына киетін етіктерінің өзі - су жаңа. Алдыңғы жағы темірден жасалған көрінеді. Бұл оларды түрлі қауіп-қатерден сақтауға арналып отыр. 

Фото: Артем ЧУРСИНОВ

Фото: Артем ЧУРСИНОВ

Адамның өміріне араша бола алатын Трекол көліктері де бар. Біздегі ұран – «Мықты аймаққа, мықты техника!». Бұл Трекол көліктері су тасқыны кезінде де жұмысқа тартылып, өзінің қызметін лайықты атқарды, - деді ол.

Осы бөлімшенің отбасылы қызметкерлеріне арналған жаңа жатақхана да бар. Жатақхана 10 бөлмелі. Бүгінде 17 ересек пен 7 бала тұрып жатыр. Болашақта жатақхана аумағында фитнес орталық, террасса, барбекю аймағын салу жоспарланып отыр.  

Кеше осы жатақханада тұратын отбасы сәбилі болды. Бұл - біз үшін үлкен қуаныш!, - деп ағынан жарылды ТЖ вице-министрі.

Өрт сөндіру бөлімінен кейін брифинг ұйымдастырылды. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі командалық орталығының бастығының орынбасары  Тілеуберді Мадиев сөз сөйлеп, қазіргі уақытта «112» бағдарламасы Төтенше жағдайлар министрлігінің негізгі, басым бағыттарының бірі болып отыр деді.

Фото: Артем ЧУРСИНОВ

Оны дамыту аясында жан-жақты жұмыс атқарылуда. Елімізде болып жатқан төтенше жағдайлардың бәрі министрліктің командалық орталығына түсіп, «112» арқылы халыққа дер кезінде жеткізіледі. Сонымен қатар «112-ні» интернетсіз іске қосу мәселесі қарастырылып, бұл бағытта жұмыстар жүргізілуде, - деп бастады.

Қазіргі таңда төтенше жағдайлардың барлығы ауа райымен тікелей байланысты. Яғни, күннің күрт ысуы мен сууы, қыстыңгүні боран соғуы, көктемдегі су тасқыны, жаздағы өрт қаупі, сондай-ақ сейсмикалық белсенді аймақтардағы (Шығыс Қазақстан облысы, Алматы облысы) қауіптер.

Биыл көктемде өте ауыр жағдай орын алды. Еліміздің басым аймақтарына үлкен су келді. Соның кесірінен көптеген елді-мекендерді су алу қаупі туындады. Бұл қауіпті болдыртпас үшін, халықты аман сақтап қалу мақсатында Командалық орталық құрылды. Басты міндеті – барлық күш пен құралдарды осы жерден басқару, керекті жерге жіберу, сонымен қатар келіп түскен ақпаратты өңдеу, оны қорытып, болжам жасау. Сол болжамның арқасында биыл біршама елді-мекенді су алу қаупінен сақтадық. Қаншама тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді, адам шығыны болған жоқ. Бұның барлығы – Командалық орталықтың еңбегі, - деді Тілеуберді Мадиев.

Командалық орталыққа интернет ресурстарының көмегімен бағдарламалар енгізілген. Оның ішінде еліміздің орманды алқаптарындағы өртті алдын алу бағдарламасы Командалық орталыққа тікелей шоғырландырылған. Сол арқылы біз өрттің болуын болжауға болады. Белгілі бір жерге түтін не болмаса өрт қаупі төнетін болса, оны тікелей бақылап, өрт сөндірушілер жөнелтіледі.

Бағдарламаның, алдын ала болжамның арқасында өрттің ауқымы да, саны да азайды. Өрт болған жерде дер кезінде өрт сөндіру қызметі барып, өртке оранған аумақ анақұрлым кеміді. Қазіргі уақытта Командалық орталықта 28 жұмыс орны қарастырылған. Барлық мемлекет органдары келіп жұмыс істей алады. 24 сағат бойы қызмет етеміз. Жаз уақыты бітіп, күз басталды. Өрттің қауіпті кезеңі межесіне жетіп қалды. Қар түсіп, боран басталғанша тыныштық орнап отыр. Сол себепті мемлекеттік мекемелердің адамдарының саны азайған. Боранды кездерде «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ мен Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері өзінің құзіретіндегі жұмысты атқарып, бар ақпаратты бізге жібереді. Сөйтіп, біз шешім қабылдап, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тырысамыз, - деп қорытындылады Тілеуберді Мадиев.

Айнұр Оспанова
Бөлісу: