Құрылтай той тойлап, әңгіме-дүкен құратын жиын емес – Тоқаев

15 Наурыз, 15:27 823

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысындағы сөзі басталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Президент сөзін Көрісу күнімен құттықтаудан бастады.

Қыстан аман-есен шыққан туған-туыс, ағайын бір-бірімен қауышып жатыр. Ел арасында Көрісу күні еліміздің батыс аймағына тән мереке деген түсінік бар. Бірақ бұл қазақтың көнеден келе жатқан дәстүрі екенін ұмытпауымыз керек. Сондықтан біз тұтас ел болып, Наурыз мейрамын осы күннен, яғни Көрісу күнінен бастап тойлағанымыз жарасымды болары сөзсіз, - деді Тоқаев.

Тоқаев Ұлттық құрылтайдың Наурыз қарсаңында өтіп жатқандығын алға тарта келе, мұнда қоғамдық құндылықтарды жаңғырту үшін маңызды қадамдар жасалатындығын алға тартты.

Мемлекет басшысы үшінші отырыстың неліктен Атырауда өтіп жатқандығын да түсіндірді.

Әйгілі Сарайшық қаласы осы жерге тиіп тұр. Бұл шаһар Ұлық ұлыстың, кейін Қазақ хандығының маңызды әкімшілік және сауда орталығы болғаны тарихтан белгілі. Ұлы жібек жолының бойында тұрған қала бір кездері айрықша геостратегиялық рөл атқарған. Батыс пен Шығыстың экономикалық, саяси, мәдени қарым-қатынасына ерекше ықпал еткен. Атақты хандарымыз осы жерге ордасын тігіп, ел билеген. Бірқатары Сарайшықта мәңгілік мекенін тапқан. Тарихшылардың пайымдауынша, Қазақ хандығын қуатты мемлекетке айналдырған Қасым хан осында жерленген. Бір сөзбен айтсақ, Сарайшық – төл шежіремізде айрықша орны бар киелі шаһар, - деді Тоқаев.

Президент жиналғандар алдында құрылтайдың қандай міндеттер атқаратынын да тілге тиек етті.

Құрылтай ешқашан той тойлап, әңгіме-дүкен құратын жиын болған емес, келешекте де ондай болмайды. Алдыңғы екі отырыста елімізді дамытуға қатысты маңызды бастамалар көтерілді. Оның біразы орындалды. Жалпы өзгерістер барлық салада болып жатыр, - деді ол.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: