"Quryltai" мобильді қосымшасы іске қосылды

29 Желтоқсан 2023, 06:28 539

Мәдениет және ақпарат министрлігі Президенттің белсенді азаматтық қоғамды қалыптастыру жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында кешенді әрі жүйелі жұмыс жүргізіп, іске асыруда, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Осы орайда бірқатар заңнамалық бастамалар әзірленіп, қабылданды.

Олардың қатарында мемлекеттік бақылауға балама құруға бағытталған және үкіметтік емес ұйымдардың қоғамдық бақылаудағы рөлін едәуір арттыруға мүмкіндік беретін "Қоғамдық бақылау туралы" ҚР Заңы бар. Сондай-ақ ілеспе заң  жобасы петиция институтын қалыптастыра отырып түрлі салаларда қоғамдық бақылау жүргізуді реттейді және өзекті мәселелерді шешуде азаматтардың белсенді қатысуына мүмкіндік береді.

Қоғамдық бірлестіктерді тіркеудегі кедергілерді азайту және олардың қызметі үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында "Қоғамдық бірлестіктер туралы" Заңға өзгерістер енгізілді.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі жұмысының екінші маңызды бағыты - әлеуметтік жобаларды іске асыру арқылы өзекті мәселелерді шешуге үкіметтік емес секторларды тарту жүйесін жетілдіру.

Айта кетейік, қазір 23 мыңнан аса ҮЕҰ тіркелген, оның ішінде 18 мың ҮЕҰ жұмыс істеп тұр. Олар 2 мыңнан аса әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асырды.

Гранттық қаржыландыру жүйесі қайта форматталды.

Төменнен жоғарыға қағидатына сәйкес грантты жоспарлау форматы ҮЕҰ-ға басымдықтарды анықтауға белсенді қатысуға және қоғамның нақты қажеттіліктерін қамтитын өз жобаларын ұсынуға мүмкіндік береді. Сондықтан қысқа, орта және ұзақ мерзімді жобаларды қамтитын грант жүйесі енгізілді. Бұл бағытта мақсатты топтардың өмір сүру жағдайын жақсартуға және жергілікті бастамаларды дамытуға бағытталған қолданбалы жобаларды қолдауға басымдық беріледі.

Түркістан, Павлодар, Маңғыстау, Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан, Жетісу облыстарының  ауылдарында пилоттық режимде 22 қысқа мерзімді грант жобасы іске асырылды.

ҮЕҰ-мен өзара іс-қимылдың жаңа тетігі - стратегиялық әріптестікті іске асыруға мемлекеттік тапсырыс енгізілді. Үкіметтік емес ірі ұйымдарға халық көтеретін түйткілді мәселелерге жедел және жүйелі ден қою мақсатында  мемлекетпен бірлесе  отырып ұзақ мерзімді негізде әлеуметтік жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді.

Қоғамдық кеңестердің өкілеттіктері кеңейтіліп, құрамы 90%-ға жаңарды. Қазіргі құрамның 86%-ы азаматтық қоғам өкілдері болса 10%-ы жастар.

Азаматтық форум алаңының тиімділігі үкіметтік емес секторлар мен халықаралық ұйымдарын, бизнес және сараптамалық қауымдастық өкілдерін біріктіре отырып, өзара іс-қимыл стратегиясының басымдықтары мен салалық мәселелерін шешу жолдарын әзірлеуге негізделген.

Азаматтық қоғаммен бірге жүйелі реформалар қалыптасып келе жатқан Ұлттық Құрылтайдың екінші отырысы жоғары деңгейде өтті.

Халықпен кері байланысты тиімді қамтамасыз ету үшін "Quryltai" мобильді қосымшасы іске қосылды. ҮЕҰ-мен өзара іс-қимыл жөніндегі үйлестіру кеңесі өз жұмысын жалғастыруда. Кеңестің отырыстарында үкіметтік емес ұйым өкілдерінің баяндамалары мемлекеттік органдардың ақпаратымен тең дәрежеде тыңдалады.

Волонтерлердің белсенділігі артып келеді.

Елімізде инфрақұрылым құру, халықаралық форумдар өткізу және мемлекет тарапынан белсенді қолдау көрсетудің арқасында волонтерлік ұйымдар мен белсенді волонтерлер саны жылдан-жылға артып келеді.

Елімізде 680 волонтерлік ұйым және 240 мыңнан аса белсенді волонтер белсенді жұмыс істейді.

Жалпы алғанда бұл шаралардың барлығы азаматтар мен үкіметтік емес ұйымдардың қоғамның өзекті міндеттерін шешуге белсенді қатысуы үшін жағдай жасауға бағытталған.

Берік Арманов
Бөлісу: