8 Маусым, 16:10
Жолы болмаған чемпион: Германияға 30 жылдан кейінгі жеңісті сыйлаған Зверев кім?Ресми дерекке сүйенсек, Қазақстандағы әр алтыншы отбасы бала сүю бақытына жете алмай отыр. Осындай отбасыларға үміт сыйлап келген суррогат ана қызметі соңғы жылдары түрлі даулар мен заңбұзушылықтардың көлеңкесінде қалды. Осыған байланысты депутаттар бұл саланы қатаң реттейтін жаңа заң қабылдамақ, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Былтыр Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова қазақстандық суррогат аналардың қызметін шетел азаматтарына көрсетуге шектеу енгізуді ұсынған болатын. Оның пікірінше, халықаралық суррогат ана рәсімдері кезінде баланың азаматтығы, ата-аналық құқықтарды тану және құқықтық мәртебесін анықтау мәселелері жиі дауға ұласады.
Кейін премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев аталған қызметтің шетелдіктер үшін жабылатынын мәлімдеді. Жаңа заң балалардың құқықтарын қорғауға және суррогат ана институтын реттеуді күшейтуге бағытталған.
«Қытайлық азамат 42 балаға тапсырыс берген»
Бұл заң жобасы қазір Сенат талқылауында. Ал мәжілісмен Нұргүл Тау бұл мәселеде ескеру керек жайттар аз емес деп санайды.
Егер шетел азаматының біреуі қазақ болса, суррогат ана қызметі көрсетіле ме? Бұл өте маңызды сұрақ. Сондықтан заңды егжей-тегжейлі қарастыруымыз керек. Аралас некедегі азаматтардың суррогат ана қызметін алуы қауіпті, бұған жол бермеу керек, – дейді Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау.
Осы мәселені алғашқы болып көтерген Гүлдара Нұрымованың айтуынша, енді суррогат ана жобасына тек Қазақстан азаматтары қатыса алады. Заң бойынша қызмет заңды некедегі жұпқа көрсетіледі. Ал шетелдік отбасының бір азаматы қазақстандық болса да бұл қызмет көрсетілмейді. Өйткені бұл жалған некенің көбеюіне алып келеді.
Олар сәбиді әртүрлі мақсатта пайдалануы мүмкін. Былтыр Германияда: «Қазақстанда суррогат аналар арқылы көлеңкелі бизнес қалай жүргізіледі?» деген мақала жарыққа шықты. Әлем Қазақстанды суррогат аналық қызметтердің заңсыз нарығы ретінде танып жатыр. Нәрестелерді заңсыз сататындардың ісі жайлы ақпарат кең тарауда. Бұл дабыл қағатын үлкен мәселе, – дейді депутат.
Нұрымованың пікірінше, суррогат ана қызметіне жүгінетін отбасының себебін медициналық тұрғыда нақты бағалауымыз қажет. Егер ұсыныс білдірген жұпта жатыр болмаса, эконы бірнеше рет жасағаннан кейін сәтсіз болса ғана суррогат ана қызметіне рұқсат беру қажет.
Бір қытайлық азамат 42 балаға тапсырыс берген. Не үшін? Мұндай фактінің бар екені рас. Себебі сәбиді трансплантация көзі ретінде ағзасын алу үшін алып кетіп жатыр. Бұл үлкен мәселе, – дейді заң бастамасының негізгі қозғаушыларының бірі Гүлдара Нұрымова.
Германия басылымындағы мақала не жайлы?
Германиялық DW басылымының мақаласында Әлия мен Наталья есімді әйелдер (есімдері өзгертілген) Қытайдан тапсырыс алатын делдалдар арқылы суррогат ана болуға келіскені айтылады.
Әлия әлеуметтік желідегі жарнаманы көріп, медициналық тексеруден өткеннен кейін Қытайға барған. Оның айтуынша, эмбрион орналастыру рәсімі жасырын жағдайда жүргізілген. Кейін дәрігерлер іштегі балада Даун синдромы болуы мүмкін деген күдік айтқан. Қосымша тексерулер баланың сау екенін көрсеткенімен, Әлия өзін қысымға алып, күшпен түсік жасатамыз деп қорқытқанын мәлімдейді.
Наталья да жарнама арқылы делдалдарға жүгінген. Оны Қытай арқылы Камбоджаға апарып, эмбрион орналастырған. Босанғаннан кейін сәби өз атына тіркелгенімен, бірнеше күннен соң қытайлық тапсырыс берушілердің өкілдері баланы алып кеткен. Қазір баланың қайда екенін білмейтінін айтады.
Екі әйел де өздеріне қоқан-лоқы жасалғанын айтып, адвокаттардың көмегімен құқық қорғау органдарына жүгінген. Мақала кейіпкерлерінің сөзінше, олар әлеуметтік желідегі жарнамалар арқылы делдал компанияларға жүгінген. Кейін эмбриондарды Қытай, Камбоджа және басқа елдерде орналастыру процедураларынан өткен. Кейбір әйелдермен ресми келісімшарт жасалмаған, ал туған балалардың кейінгі тағдыры белгісіз болып қалған.
Адвокаттар бұл істе адам саудасы немесе балаларды заңсыз тасымалдау белгілері болуы мүмкін деп есептейді. Олар құқық қорғау органдарына арыз берген. Тіпті кейбір сарапшылар балаларды заңсыз трансплантология мақсатында пайдалану ықтималдығын да жоққа шығармайды, бірақ бұл әзірге дәлелденбеген болжам ғана.
Қазақстанның бас репродуктологы Вячеслав Локшин бұл жағдайды «таза криминал» деп бағалап, жан-жақты тергеу жүргізу қажеттігін айтқан.
Қазақстанда суррогат ана қызметі заңды түрде де көрсетіледі және төлем мөлшері кей жағдайларда 10 миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін. Барлығы ашық түрде, ресми келісімшартпен және медициналық бақылаумен жүргізіледі. Әйелдер ЭКҰ клиникаларына жүгінгені дұрыс болар еді, – дейді ол.
Локшиннің пікірінше, делдалдар тапсырыс берушілерден 15-20 миллион теңге алып, оның аз ғана бөлігін әйелдерге төлеуі мүмкін.
Суррогат ана қызметі заңмен реттелген
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда суррогат ана қызметіне қатысты бағдарламалар мен талаптар заңнамамен реттеледі. Суррогат ана болу қосалқы репродуктивтік технологиялардың бірі ретінде «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекспен және «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекспен реттеледі.
Аталған кодекстің 9-тарауының 54-бабы 1-тармағына сәйкес, суррогат ана қызметін пайдаланудың негізгі ережелері, талаптары мен шарттары белгіленген. Соған сәйкес, суррогат ана болу туралы шарт Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасының талаптарына сай жазбаша түрде жасалып, міндетті түрде нотариалды куәландырылуы тиіс.
Суррогат ана болу туралы шартты медициналық ұйымдардың мамандары жасамайды. Сондықтан медицина қызметкерлері шарттың мазмұнына, талаптарына, сондай-ақ тараптардың құқықтары мен міндеттеріне жауапты емес. Сонымен қатар суррогат ана саласында қосымша қызмет көрсететін агенттіктердің қызметі медициналық қызметке жатпайды және Денсаулық сақтау министрлігінің құзыретіне кірмейді, – деп мәлімдеген болатын ведомство.
Айта кетейік, Қазақстан заңнамасына сәйкес суррогат ана болуға тек денсаулығы жақсы, жасы 34-тен аспаған әйелдер ғана қатыса алады. Бала дүниеге келген сәтте оның жасы 35-ке толмауы тиіс. Сондай-ақ үміткердің өзінен табиғи жолмен туған кемінде бір дені сау баласы болуы және бұрын түсік жасатпаған болуы қажет.
«Болашақ» суррогат ана орталығының басшысы Дамира Шоқанқызының айтуынша, суррогат ана болған әйелдердің көпшілігі бұл қызметтен түскен қаржыны тұрғын үй алуға, ипотеканың бастапқы жарнасын төлеуге немесе қарыздарын жабуға жұмсайды. Оның сөзінше, олардың барлығының білімі бар, ал көбі негізгі жұмысын жалғастыра отырып, суррогат ана қызметін де қатар атқарады.
Әйелдің қанша рет суррогат ана бола алатыны ең алдымен оның денсаулық жағдайына байланысты. Қазақстан заңнамасында бұл мәселеге қатысты нақты шектеу қарастырылмаған. Дегенмен орталықтың ішкі тәртібі бойынша табиғи жолмен босанған көпбалалы аналар алты реттен артық суррогат ана ретінде қабылданбайды, – дейді Дамира Шоқанқызы.
Айта кетейік, Қазақстанда суррогат ана қызметінің құны өңірге байланысты өзгереді. Аймақтарда бұл қызмет үшін орта есеппен 6 миллион теңге төленсе, Астана мен Алматыда төлем көлемі 8-10 миллион теңгеге дейін жетеді. Бұдан бөлек, жүктілік кезеңінде суррогат анаға ай сайын 200 мыңнан 400 мың теңгеге дейін қаржылай қолдау көрсетіледі.
8 Маусым, 16:10
Жолы болмаған чемпион: Германияға 30 жылдан кейінгі жеңісті сыйлаған Зверев кім?2 Маусым, 18:20
Ушу-саньда төңірегіндегі у-шу: Нұрсұлтан Тұрсынқұлов стипендия ала алмай жүр22 Мамыр, 12:15
«Егер кетпесем, кейін өкінетін едім»: Қытайдағы қазақ футболшысы Еуропадан қалай шақырту алды20 Мамыр, 08:00
Хусановтың өзі сұхбатқа келді | «Ордабасы» чемпион болмайды | «Барсаның» фанаты емеспін