Құрметті мамандық иесі «Құрмет» орденін алды

26 Қазан 2022, 14:43 2543

«Үржар ауданының №2 аудандық ауруханасының» бас дәрігері Нағима Жақиянова «Құрмет» орденін алды

Медицина саласына көп еңбегі сіңіп еліміздің дамуына үлес қосып жүрген кәсіби маманның бірі – Нағима Жақиянова.  Ол ауыл медицинасын дамыту мақсатында жас мамандарды жұмысқа тартып Үржар ауданындағы медицина саласының сапасын арттыруда үлес қосып келеді. Медицина маманының еңбегі еленіп Республика күні «Құрмет» орденімен марапатталды.

Сіздің ауыл медицинасын дамытуда қосқан үлесіңіз көп. Жалпы, қызмет жолыңыз туралы айтып берсеңіз. 

– 1982 жылы  Семей мемлекеттік  медициналық институтының  емдеу факультетін үздік бітіріп, туған жерім   Жарбұлақ ауылына келіп, сондағы ауруханада дәрігер ретінде еңбек жолымды бастадым. 1985-1998 жылдары  ауылдық аурухананың терапия бөлімінің меңгерушісі  лауазымын атқардым.  1998 жылы  Қабанбай ауылдық ауруханасының бас дәрігері болсам, 2008 жылдан бастап Үржар аудандық емдеу мекемесіне орналастым.

Бүгінде  Мақаншы ауылы «Үржар ауданының №2 аудандық ауруханасының» бас дәрігерімін.   Бұл мекеме  16 ауылдық  аймақты, 16 застава комендатурасын және 2  әскери  бөлімді   қамтамасыз етеді. Жалпы еңбек  өтілім 48 жыл. Оның 41 жылын медицина саласына арнадым.  

Ел алдындағы жауапкершілікті түсініп, көш қатарда қызмет етіп келемін. Облыс бойынша және аудандар арасында отбасылық амбулаторияларды ашуды алғашқылардың бірі болып ұйымдастырғаным дәлел болады. Шығыстағы елге жоғары санатты терапевт-дәрігер ретінде ғана емес ұйымдастырушы ретінде танылдым.  

– «Құрмет» орденімен марапатталдыңыз. Бұл – қандай еңбегіңіздің жемісі деп ойлайсыз?

Мақаншы ауылындағы Үржар ауданының ауданаралық  ауруханасын басқарғанымда ана  өлімін болдырмауды, нәресте шетінеуін азайтуды,  әлеуметтік  маңызы бар  ауруларды төмендетуде елеулі табыстарға  қол жеткіздік. Ауданда  нәресте өлімінің көрсеткіші 8,8-ден 6,8-ге дейін төмендеді, ал ана өлімі дерегі тіркелмеді. Жалпы, өлім көрсеткіші 7,7-ден 7,0-ге дейін төмендеді. Сондай-ақ, туберкулез және қатерлі ісік аурулары біршама пайызға азайып, қан айналымы ауруларынан болатын өлім-жітім 2 есеге дейін төмендеді.  Кәсіби даярлығы жоғары  861 медицина қызметкерімен бірге жұмыс істедім.  Қарамағымда  түрлі  санаттағы  дәрігерлер  қызмет атқарды.

Жаңа технологияны қолдана отырып, ауруларды емдеу мен диагностикалауды енгізуде және ынталандыруда маңызды қадамдарды іске асыру үлкен жауапкершілік.

– Өзіңіздің бұған дейінгі ең жоғарғы марапаттарыңызға нені жатқызасыз?   

– Халықтың ықылас-ниетінен жоғары марапат жоқ. Елдің қолдауымен 3 рет аудандық және 2 рет облыстық мәслихат депутаты болып сайландым. «Amanat» партиясының мүшесі болып, қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып келемін. Кәсіби және қоғамдық жұмысымды ескеріп, бұған дейін салалық және мемлекеттік наградаларды алдым. Атап айтсақ, «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі» медалі, «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төс белгісі, 2013 жылы «Қазақстанның үздік халқы» энциклопедиясына ендім, 2014 жыл – «Қазақстан Республикасының балалары мен аналарының денсаулығын жақсартудағы ұзақ мерзімді ынтымақтастық үшін» ЮНИСЕФ төрағасы Джун Кукитоның «Алғыс хатымен» марапатталдым. Сондай-ақ, «Ерен еңбегі үшін» медалімен және AVE VITAE орденімен, «Decus oeconomicae» орденімен марапатталдым.

Биыл мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында ауылдық жерлердегі емханалар мен ауруханаларға көңіл бөлуді тапсырды. Осы бағытта қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр? Бүгінгі ауыл медицинасының жағдайы қандай?

– Мемлекет басышысының аудандар мен елді-мекендерде жаңа аурухана салу және жөндеу жұмыстар жүргізу туралы тапсырмасы бойынша біздің ауданда 3 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік пункт, 3 медициналық пунктің құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, 2023 жылдан бастап ауданда  салынып бітпей қалған 3 қабатты аурухананың және емханалардың жөндеу жұмысы басталады деп жоспарланып отыр. Медициналық мекемелерді жоғары білікті медициналық кадрлармен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөліп отырмыз, олардың кәсіби өсуіне, бұл үшін қажетті жағдай туғызуға қамқорлық жасаймыз. Жыл сайын жас мамандарды қабылдап, оқытып, біліктілігін арттырудамыз. 16 елді мекендегі барлық емдеу мекемесі санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай күрделі және ағымдағы жөндеуден өтіп, медицина қызметкерлерінің халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетуіне жақсы жағдай жасадық.

– Коронавирус елдегі медицина саласының деңгейін көрсетіп берді. Ашығын айтайық, вирустың таралуына дайын еместігіміз көрінді. Ауданда инфекциялық бөлімнің жанынан төсек орындар ашылған болар?   

Пандемия біздің ғана емес, жалпы әлемдік медицинаның жағдайын өзгертті деп айтуға толық болады. Пандемияның басталуымен ауруханалар мен емханаларда карантиндік және уақытша төсек-орындар ұйымдастырылды. Халыққа жоғары білікті көмек көрсетілетін реанимация бөлімі ашылды.

2020-2022 жылдары Мақаншы ауылында жұқпалы аурулар бөлімі, оңалту бөлімі ашылып, барлық медицина қызметкерлері қорғаныс костюмдерімен, дәрі-дәрмекпен және персоналмен 100 пайыз қамтамасыз етілді. Сонымен қатар COVID-19 жұқпалы ауруын емдеу үшін инфекционист мамандығы бойынша дәрігерлер қосымша қайта даярланды.

Жазда демалушыларға дер кезінде медициналық қызмет көрсету үшін Алакөл жағалауында медициналық пункт ашуға қол жеткіздік. Шалғайдағы елді-мекендерге 12 арнайы маманның шығуымен консультациялық-диагностикалық көмек көрсету үшін жылжымалы медициналық кешен (ПМК) жұмыс істеп, амбулаториялық-емханалық қызметтің жұмысын бастадық.

Медицина саласын дамытатын бірден бір жол – саланы цифрландыру. Осы бағытта не айта аласыз?

– Заман талабына сәйкес барлық сала цифрлануда. Медицина саласының сервистік қызметін арттыруда цифрландыру маңызды міндет саналады. Алайда, еліміздегі ауыл-аймақтарда ғаламтор жылдамдығы төмен. Тіпті, интернет желісі қамтылмаған елді-мекендерді де кездестіруге болады. Медицина мамандары талапқа сай цифрлы жүйемен жұмыс істеуде. Болашақта барлығы өз ретімен дамиды деп ойлаймын.

– Аудандық аурухананың материалдық-техникалық жағдайы қалай? 

– Аудандық ауруханалардың  материалдық-техникалық базасы күшейтіліп,  көптеген медициналық құрал-жабдықтармен қамтылды.  Мысалы, жаңа туған нәрестелердің перинаталдық өлімін азайту үшін медициналық желдеткіш, эндотрахеальды интубация жинағы сатып алынды. Сонымен қатар, электрлік, механикалық жетегі бар науқас төсектері, ультрадыбыстық диагностикалық сканерлермен қамтылды. Бұл құрсақ ауруларының диагностикасын және жүкті әйелдердегі ұрықтың аномалиясын ерте диагностикалауды жақсартты.

Жаңа туған нәрестелерді салқындату және жылытуға арналған «TecothermNeo» гипертермиялық құрылғысы, BTL гинекологиялық креслосы,  Дефибриллятор-мониторы, Эндотрахеальды интубация жинағы, Кардиологиялық қызметті жақсарту, емдеу мекемесінің кардиостандартты сақтау, сондай-ақ жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім-жітімді азайту үшін электрокардиограф пен қан қысымын күнделікті бақылауға арналған «Холтер анализі» аппараттық-бағдарламалық құралдары сатып алынды.

– Сіздің салаңызда қызмет істегісі келетін жас мамандарға қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?

– Медицина саласына келіп жатқан жас мамандардың саны жыл сайын артуда. Жоғары білімді дәрігерлер, орта білімді медицина қызметкерлеріміз бар. Ұжымымыздың 98 пайызы жас мамандар. Әрбір келген жас маманға «халыққа қызмет көрсету оңай емес, дегенмен әр адамның көңілінен шығып, оның денсаулығына басты назарды аудару керектігін» айтып отырамын. Болашақта жастардың қолында болғандықтан, біз жас мамандарға сенім артып, оларға жол көрсетіп, дұрыс бағыт бере білуіміз керек. Сонда ғана олар өз ісінің нағыз маманына айналады. Ал, біздің ізбасарларымыз біздің жетістігімізден асып жатса, біз үшін бұл үлкен жетістік.  

 

Миражан Махан
Бөлісу: