Құрманғазының кез келген күйі – өз заманының музыкалық жылнамасы

30 Маусым 2023, 18:19 1410

Астанадағы Ұлттық музейде күйші, композитор Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығына арналған «Күй – құдірет» атты күй кеші өтті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Алда келе жатқан Ұлттық домбыра күніне орай күй құдіретін әспеттеу – ұлт рухын көтергенмен тең. Домбыраның сиқырлы сазы арқылы өскелең ұрпақтың зердесіне сәуле түсіру – ұлттың кемел келешегіне бастар жол болмақ.

Шараға № 1 өнер мектебі мұғалімдері мен оқушылары қатысып, Құрманғазы күйлерін орындады.  Халық «Күй атасы» атап кеткен Құрманғазы Сағырбайұлының өмірі мен шығармашылығын қанша ұлықтасақ та артық емес.

Күй кеші басталмас бұрын қонақтар ұлттың рухани шырақшыларының қолынан өткен асыл домбыралармен танысты. Ұлттық музей қорында сақталған, өте құнды жәдігер болып саналатын жазушы Дүкенбай Досжанға Жәнібек Кәрібжанов сыйлаған домбыра, күйші Жарқын Шәкәрімнің үш ішекті домбырасы, домбырашы Мыңжасар Маңғытаевтың домбырасы, Болат Сарыбаевтың жеке коллекциясынан алынған домбыра, Кенен Әзірбаевтың домбырасы, Жүсіпбек Елебековтiң және Әзілхан Нұршайықовтың домбыралары көпшілікке көрсетілді.

Күй кешіне қадірменді қонақ болып белгілі күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жанғали Жүзбай мен ақын Маржан Ершу шақырылған.

Күйші Жанғали Жүзбай Құрманғазы Сағырбайұлының неліктен күй атасы деп аталғаны туралы ой өрбітсе, ақын Маржан Ершу «Күй анасы» атанған Дина Нүрпейісованы қалай зерттей бастағаны туралы айтып, күйші әжесіне арнап жазған поэмасынан үзінді оқып берді.

Маңғыстаудан ат арытып арнайы келген күйші Марат Нұретдинов «Адай» күйінің Дина Нұрпейісова жеткізген нұсқасын орындап, көпшілікті тәнті етті.

Күй атасы – Құрманғазы аталуының бірнеше себебі бар. Біріншіден, Құрманғазының өмір сүрген заманы бөлек. Тарихтан жақсы білесіздер, екі ғасырдан аса уақытқа ұласқан отаршылдық заманы. Елді алған, ерді алған алмағайып заманда Құрманғазы бабамыз өмір сүрді. Алдында Сырым Датұлының ұлт азаттық көтерілісі болды. Іле-шала Исатай мен Махамбеттің ақ патшаға қарсы шыққан ұлт азаттық соғысы болды. Сол соғыстан кейінгі қиын заманды Құрманғазы өз көзімен көрді. Құрманғазының өмірбаянын Ахмет Жұбанов жазып кеткен. Сол кітапты оқып отырып Құрманғазының күйін тыңдасақ сол заманды көзімізге елестетеміз. Құрманғазының кез келген күйі – сол заманының музыкалық жылнамасы. Қай уақытта қандай жағдай болды, қандай қасірет көрдік, қай уақытта абақтыға жабылып, қай уақытта қаштық, қай уақытта күресіп, қылыш сермедік – бәрі Құрманғазының күйінде тұр. Күй атасы атануының екінші себебі, Құрманғазы өзіне дейінгі күйшілердің барлығын тыңдап өсті. Ен даланың байтақ музыкасын бойына сіңірді. Сазгер ретінде, өнер шығарушы ретінде, туынды жаратушы ретінде Құрманғазы жалпы музыка композициясына тыңнан түрен салған ерекше адам болды, - деді күйші Жанғали Жүзбаев.

«Тау жығардай таусыла шайқалар, теңізді төңкерердей теңселе күйзелер, нөсерлете себелейтін нөпір үн мен қырда ойнаған киіктің қырық құйқылжыған дүсіріндей құбылмалы ырғақ тек Құрманғазыға ғана тән» дейді абыз жазушы Әбіш Кекілбаев. Құрманғазыдай күйі халықтың ары мен ұжданы, намысы мен рухына айналып кеткен күйшінің 200 жылдығы елеусіз қалмайды. Бұл іс-шара Алаш жұрты ғана емес, күллі түрік халқы тойлар үлкен тойлардың бауашары деп білеміз.

Ғылымнұр Кәдірбай
Бөлісу: